ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖАҢА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ БАСТАЛДЫ
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен құрылған инвестициялық штаб жұмысын бастағаны белгілі. Шабтың алғашқы отырысының өзінде бірнеше жоба талқыланып, кәсіпкерлерге қолдау көрсету бойынша тапсырмалар берілді. Инвесторлар облыс әкімі, қаржы ұйымдары мен жауапты басшылармен тікелей диалог орнатып, біраз мәселені ашық талқылады. Нақты ұсыныстар беріліп, шешу жолдары ұсынылды.
– Өңірімізде индустриалды аймақтарды кеңейту жоспарымызда бар. Әр аудан, қала әкімдері инвестициялық штаб отырысында осы бағыттағы жұмыстар бойынша есеп беріп отырады. Инвестициялар тартудың қолайлы экожүйесін құру үшін бізде Инвестиция және экспорт басқармасы, сондай-ақ «TURKISTAN INVEST» инвестициялар тарту және экспортты дамыту агенттігі жұмыс істейді. Сонымен қатар инвесторларға индустриалдық аймақтар мен «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағы аумақтарында «Greenfield» және «Brownfield» өнеркәсіптік алаңдары ұсынылады. Еркін пікір алмасып, мәселелерді талқылап, мемлекеттік қолдауды көрсетеміз, – деді Дархан Сатыбалды.
«Arm Wind» ЖШС Отырар ауданында қуаты 50 МВт болатын күн электр станциясын салып жатыр. Жаңа бас мердігері анықталған. Жоба 2024 жылы жүзеге асады. «Аймар құс» ЖШС қаржылық директоры Жандос Сәбитұлы Төлеби ауданында құс фабрикасын салу жоспарын таныстырды. Жобаның бірінші кезеңіне 6,5 млрд. теңге инвестиция салынады. Қуаттылығы – жылына 200 млн. дана жұмыртқа шығару. Бір жылдай уақытта жүзеге асатын жоба арқылы 75 адам жұмыспен қамтылмақ. Инвестор облыс басшылығынан құрама жем цехын салу үшін жер сұрады. Жүгері және өзге де дақылдар өсіру үшін де жер қажет. Тұрғындардан сатып алуға мүдделі. Облыс әкімі аудан басшысы мен жауапты азаматтарға инвесторға қолдау көрсетуді тапсырды.
Түлкібас ауданында тәтті сусындар шығаратын алып кәсіпорын құрылысын жүргізіп жатқан «Beibars-Bottlers» компаниясының өкілдері газ бен электр мәселесі бойынша инфрақұрылымды жетілдіре түсу туралы өтініштерін жеткізді. Құны 7,5 млрд. теңгені құрайтын жоба арқылы жаңа жұмыс орындары көбеймек. Құрылғылары Фрацния мен Италиядан жеткізіледі. Бұл жобаны қолдау бойынша да міндеттер жүктелді. «BASPOLYMER» ЖШС «TURKISTAN» еркін экономикалық аймағында полимер құбырларын шығаратын зауыт ашуды жоспарлап отыр. Жоба жүзеге асса, жылына 10 мың тонна өнім өндірілмек. Полимер құбырларын елімізбен қатар Өзбекстан мен Қырғызстанға экспорттау көзделген. Аталған инвесторға инфрақұрылыммен қамтып, жұмысын тез бастауға көмек берілмек.
Инвестициялық шытабтың алдағы отырыстарында да түрлі жобалар талқыланып, инвесторлармен келіссөздер жалғасын табады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі