ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖАС КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ САНЫ АРТУДА
Түркістан облысында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында бірқатар жобалар қолға алынған. Кәсібін жаңа бастаған жастарға өз ісін дөңгелетуге, өндірісті жолға қоюға және дамытуға мүмкіндік беретін мемлекеттік грант бөлініп келеді.
Осы орайда Облыстық қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Ернар Бектаев жас кәсіпкерлердің жұмысымен танысты.
Мемлекеттік қолдауға ие болған жас кәсіпкерлердің бірі – Бәйдібек ауданы, Шаян ауылының тұрғыны Айдын Санақова. Ол өз кәсібін 5 жыл бұрын үй жағдайында бастаған. Кейін өнімдері сұранысқа ие болып, мемлекеттік грантты жеңіп алады. Нәтижесінде «Ақ дастархан» атты кондитерлік өнім орталығын ашты. Қазіргі таңда 10 отбасын жұмыспен қамтып отыр.
Тағы бір жас кәсіпкер – Алдияр Жабағы. Бұл салада 5 жылдық тәжірибесі бар. 2022 жылы «Бастау Бизнес» қайтарымсыз грантын ұтып алып, Бәйдібек ауданы Шаян ауылында «Еркенұр» шаштаразында өз кәсібін бастаған.
Жас кәсіпкерлер алдағы уақытта мемлекеттен берілетін мүмкіндіктерді пайдаланып, өз кәсіптерін үлкейтуді жоспарлауда.
Айта кетейік, жастарға арналған жалпы он екі мемлекеттік бағдарлама бар. Оның ішінде кәсіпкерлік бағыт бойынша 2021-2025 жылдары кәсіпкерлікті қолдауға арналған «Ұлттық жобасы» шеңберінде жастарға арналған жеңілдетілген шағын 2.5% несие, «Бастау Бизнес» қайтарымсыз грант жобалары бар.