ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫ ТОҚТАМАЙДЫ
Түркістан облысында құрылыс нысандарындағы жұмыстар жалғаса береді. Жұмысшылар тиісті барлық сақтық шараларын қатаң ұстанып жұмыс істеуде. Бұл туралы Түркістан қаласындағы бірқатар құрылыс алаңдарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстармен танысып шыққан облыс әкімінің бірінші орынбасары Қосман Айтмұхаметов мәлімдеді. Оның сөзінше, жұмысшыларда «еліміздегі төтенше жағдайға байланысты қала аумағындағы құрылыс жұмыстары тоқтап қалмай ма» деген алаңдаушылық бар.
«Төтенше жағдайға байланысты облыстың Бас санитар дәрігері қосымша шектеулер белгіледі. Алайда, бұл құрылыс жұмыстарына ешқандай кедергі келтірмейді. Барлық жұмысшыларға іс барысында тиісті сақтық шараларын қатаң түрде сақтап жүру туралы талап қойылып отыр. Бүгінге дейін ешқандай кемшіліктер орын алған жоқ. Барлығы қалыпты жағдайда», – деді Қ.Қайыртайұлы.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары қазіргі таңда бірқатар құрылыс материалдары Шымкент қаласынан әкелетіндіктен аздаған қиындықтар туындағанын айтады. Дегенмен, екі жақты келісімнің арқасында бұл мәселе де оң шешімін тапқан. Бүгінде Түркістан қаласындағы 35 нысанында 3261 құрылысшы бір ауысымда
жұмыс істейді. Олардың барлығы жергілікті тұрғындар.
Айта кетейік, жұмыс барысында құрылыс алаңдарында барлық құрылысшыларға медициналық бетперде тағып жүру міндеттелген. Әр нысанда медициналық пункттер жұмыс істеп, барлық жұмысшылардың дене қызуы өлшенуде.Сондай-ақ, қолдарын жиі-жиі залалсыздырып отыру үшін антисептикпен қамтамасыз етілген. Барлық уақытта жұмысшылардың арақашықтығы 2 метрден кем болмауы керектігі ескертілген. Одан бөлек, құрылыс нысандарының аумағында COVID-19 вирусынан сақтану тәсілдері жазылған ескерту плакаттары ілінген.
Түркістан облысының
Өңірлік коммуникациялар қызметі