Түркістан облысындағы шаруалардың мәселелері «AMANAT»-тың жанындағы Комитетте талқыланды
Түркістан облысында ауыл шаруашылығын дамыту және тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелері «AMANAT» партиясы жанындағы Агроөнеркәсіптік комитеттің көшпелі отырысында талқыланды.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Нұржігіт Мырзахметов хабарлағандай, 2022 жылы 11 айда ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 996,3 млрд теңгені құрап, егіс алқабы 14,4 мың гектарға ұлғайды.
«Біздің облыс – мақта өсірілетін жалғыз аймақ. Оны одан әрі дамыту үшін инвестициялық субсидиялау бағдарламасына «Шитті мақтаны өңдеу, терең қайта өңдеу кәсіпорындарын құру және кеңейту» ұғымын енгізу, тозығы жеткен құрал-жабдықты жаңарту, салымдарды өтеу үлесін 50% субсидиялауды қарастыру қажет», – деді ол.
Сонымен қатар, шаруалар ұңғымаларға және күннен қуат алуға мүмкіндік беретін панельдерге субсидия беру, ағын су мәселесін шешу, өнімді экспорттау, жайылымдармен қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар айтты.
«Өзекті мәселелерді шешу үшін ең әуелі қаржыландыру, мұнан соң жеңіл және тамақ өнеркәсібін дамытуды күшейту, қажетті техникамен қамтамасыз ету, жерді тиімді пайдалану жүйесін жетілдіру керек. Азық-түлік өнімдерінің бағасын дүкен сөресінде реттеу мүмкін емес. Ол үшін өндіріс орындарын көбейту қажет», – деді комитет төрағасы, Мәжіліс депутаты Қайнар Абасов.
Осы күні партиялықтар облыс тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін талқылады. Мәселен, өңірде жыл соңына дейін сумен жабдықтау инфрақұрылымының 43 нысанын салу жоспарлануда. «Өгем өзеніндегі су электр стансаларының каскады» жобасы әзірленуде. Бірінші кезеңде Өгем шатқалынан Жаңабазар елді мекеніне дейін су құбырын тарту жоспарланып отыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі