ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ ГЕРМАНИЯДАН КЕЛГЕН ИНВЕСТОРМЕН КЕЛІССӨЗ ЖҮРГІЗДІ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Германияның «Medal Holding GmbH» компаниясының директоры әрі құрылтайшысы Әнуар Үмбетаевпен кездесті. Кездесуде қос тарап әріптестікті нығайту, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жолдарын қарастыру жөнінде келіссөз жүргізді. Өңір басшысы Түркістан облысында инвесторларға қолайлы жағдай жасалғанын жеткізіп, бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
📌– Түркістан өңірінің инвестициялық әлеуетіне қызығушылық танытып, арнайы келгеніңізге алғысымды білдіремін. Облысымыз бизнес жасауға өте қолайлы әрі жұмыс күшімен, адам капиталымен қамтылған. Аймақтан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық магистралы өтеді. Ол да кәсіпкерлікті дамытуға қосымша мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығы, туризм және қайта өңдеу салалары бойынша инвестициялық жобаларға басымдық берілген. Жобаларды талқылап, бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз, – деді Нұралхан Көшеров.
✔️Германиялық компания өкілдері 2023 жылы қос мемлекеттің Президенттерінің қатысуымен өткен Қазақстан-Германия бизнес-форумында жасалған меморандум әріптестікті нығайтуға серпін бергенін атап өтті. Компания электр станциясын салу, қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу, құрылыс материалдарын шығару, құм, тас, фосфорит өндіру, заманауи зауыттар салумен және өзге де жобалармен айналысатынын жеткізді. Қос тарап әріптестікті нығайтып, жобаларды зерделеуге уағдаласты.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі