ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ МЕКТЕПТЕРІ МАҢЫНДА 10 МЫҢНАН АСТАМ ҚҰС ҰЯСЫ ОРНАТЫЛДЫ
Біз қамқоршы баламыз, құстарға ұя саламыз! Дәл осындай ұранмен Түркістан облысының білім беру мекемелерінде жаппай құс ұясы мен жем шашатын ыдыстар орнатылды. Бір мезетте білім басқармасына қарасты 1040 мектепке көктем хабаршысы болған құстарға арналған ұялар қойылды. Игі бастамаға қатысқан балалардың жүздері қуаныштан бал-бұл жанды.
Мақсат – оқушылардың құстарға, табиғатқа қамқорлық сезімін және мейірімін ояту, еңбекке баулу. Құстардың тіршілігі туралы білімдерін кеңейту. Жоғалып кетуге шақ қалған құс түрлерін қорғауға шақыру.
Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында әрі көктемнің алғашқы жаршысы құстарға қамқор бола білу – балаларды ұйымшылдыққа, бірлесіп еңбек етуге тәрбиелейді. Мұны бүгінгі өткен экологиялық іс-шарадан айқын байқауға болады.
Науқан шеңберінде жас буынның құстарға қамқорлық танытып, өз қолдарымен азық беріп, ұя жасап жатқаны көпшілікті қуантты. Осындай игі бастама алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі