ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ СПОРТШЫЛАРЫ 11 АЙДА 1000-НАН АСТАМ МЕДАЛЬ ЖЕҢІП АЛДЫ
2022 жылы Түркістан облысының спортшылары спорттың 59 түрі бойынша Қазақстан Республикасының чемпионаттары мен кубоктарына қатысып, 858 медальға (353 алтын, 233 күміс және 272 қола медальға) ие болды. Жыл басынан бері өткен Азия чемпионаттары мен кубоктарында 118 алтын 49 күміс және 35 қола медальге қол жеткізді. Осы уақыт аралығында Әлем чемпионаттары мен кубоктарында облыс спортшылары 100-ден астам медаль ұтты.
Түркістан облысында спорттың 59 түрі дамытылуда. Облыста жалпы 100 мемлекеттік меншіктегі спорт мекемесі мен кәсіпорындар жұмыс істейді. Онда 2,5 мыңға жуық жаттықтырушы 60 мыңға жуық балаға дәріс береді. Жыл қорытындысымен облыс аумағында 2271 бұқаралық спорттық іс-шара өткізіліп, оған 300 мыңнан астам адам қатысқан. Басым бөлігі ауылдық жерлерде ұйымдастырылған. Спорт саласындағы жоспарлар Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен отырыста талқыланды.
– Өңірде спортты дамытуға жағдай жасалып жатыр. Облыс орталығында халықаралық талапқа сай спорт кешендері бой көтерді. Бірақ нәтиже жоғары дей алмаймыз. Атқаратын жұмыстар көп. Халықты, әсіресе, жастарды спортқа тарту, бұқаралық спортты дамыту жұмыстарын күшейту керек. Мықты спортшылар даярлау ісін де жандандырыңыздар. Ешқандай сылтау қажет емес, нәтижені нақты іспен, еңбекпен көрсеткен жөн, – деді Дархан Сатыбалды.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықаревтың баяндауынша, қазіргі таңда облыста 4647 спорт ғимараты тіркелген. Түркістан қаласында жаңа халықаралық теннис орталығы пайдалануға берілді. Ә.Нұрмаханов атындағы облыстық спорт мектебінің спорт кешенін қайта құру және 320 көрерменге арналған қосымша ғимарат салу құрылысы жүргізілуде. Ескек есу каналы мен мұз сарайының құрылысы жүргізілуде.
Сондай-ақ облыс аумағында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Сауран, Мақтаарал, Төлеби, Бәйдібек, Жетісай және Сайрам аудандарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынып жатыр.
Алдағы жылы спортпен тұрақты түрде шұғылданушылар санын 42,0 %-ға жеткізу көзделген. Халық арасында бұқаралық спортты дамытып, спорт кешендерін ашу мәселесі де жоспарланған.
2023 жылы Қытай елінде өтетін жазғы Азия Ойындары мен 2024 жылы Францияда өтетін жазғы Олимпиада Ойындарына облыс спортшылары спорттың бокс, дзюдо, грек-рим күресі, еркін және әйелдер күресі, есу спорт түрлері, ауыр атлетика, таеквандо спортынан жолдама алады деп күтіліп отыр. Қазіргі таңда 13 үміткер-спортшы дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі