ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ЖИҺАЗ КЛАСТЕРІНЕ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ ЖӨНІНДЕ КЕЛІССӨЗ ЖҮРГІЗІЛДІ
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды шетелдік инвестормен кездесті. Кездесуде екіжақты әріптестікті нығайту, жиһаз өндірісін дамыту, бірлескен кәсіпорын ашу жөнінде келіссөз жүргізілді.
– Түркі әлемінің астанасы – Түркістан қаласына қош келдіңіздер. Сіздерді Біздің облыста көргеніме шын жүректен қуаныштымын. Өздеріңізге белгілі, биыл 6-13 шілде аралығында Қытай Халық Республикасына іссапармен барған болатынбыз. Іссапар аясында 3 провинция губернаторларымен кездесу өткізіліп, екі ел арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынасты нығайту мәселесі талқыланып, меморандумдарға қол қойылды. Міне, сол келіссөздер нақты іске ұласып отыр. Өңірімізде жиһаз кластері дамып келе жатыр. Өңірде жиһаз өнеркәсібінде 100-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың ішіндегі ең ірілері өнімдерді Ресейге, Қырғызстанға, Өзбекстанға және Тәжікстанға экспорттайды. Бірлескен жобаны жүзеге асыру үшін арнайы шақырып отырмыз. Жаңа кәсіпорын ашуға қолдау көрсетіледі. Біздің мақсатымыз – жұмыс орындарын ашу, отандық өндірісті дамыту, елімізді өз өнімдерімізбен қамтамасыз ету, – деді Дархан Сатыбалды.
Инвестор Түркістан облысының жиһаз шығару саласындағы әлеуетімен танысқанын айта келе, қысқа мерзімде жобаны жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.
«АҚНИЕТ HOLDING» ЖШС-нің директоры Омар Бақтыкерей инвестормен келісім жасалғанын, жоба жан-жақты талқыланғанын айтты. Алдағы уақытта өңірде ірі жиһаз зауыты ашылып, 200 жұмыс орны құрылмақ. Түркістан облысында өндірілген жиһаздар Қазақстанға ғана емес, шетелдерге де экспортталуы мүмкін. Арнайы техникалар, құрылғылар алынады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі