ТҮРКІСТАН: ОРДАБАСЫДА ТҰҚЫМБАҚТАР САНЫ АРТЫП КЕЛЕДІ
Түркістан облысында тұқымбақтардың көлемін ұлғайту, климаттық жағдайды жақсарту бағытында жұмыстар атқарылуда. Солардың бірі – Ордабасы ауданындағы «Бадам» орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесі. Көшетке сұраныс көбейгеніне байланысты тұқымбақ 3 жерде уақытша ұйымдастырылып отыр. Оның жалпы көлемі – 12 га. Орман тұқымбағында жалпы 25-ке жуық түрлі ағаш-бұта көшеттері өсірілуде. Бүгінгі таңда мекеменің жылыжайында көшеттердің тұқымын егу және себу жұмыстары аяқталып, тамшылатып суғару жұмыстары жүргізілуде.

Ордабасы ауданында орналасқан замануи үлгідегі тұқымбақ 5 гектар аумақты алып жатыр. Онда өсіріліп жатқан ағаштардың басым бөлігін терек, сириялық гибискус, раушан, жиде, емен, каштан, шаған, үйеңкі, тұт, боз арша, легустра, айлант, катальпа, қарағаш, туя және өзге де ағаштар құрайды.
Көшеттерді егу және себу жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылып келеді. Бүгінгі таңда мекемеде ағаш-бұта өсімдіктерінің 19 түрінен 2400 келі тұқым жиналып, себілді. Көктемде 61 660 түп көшет Сайрам, Ордабасы, Төлеби аудандары мен «Жасыл Түркістан» мекемесіне босатылды. Мекемеде ағаш-бұта өсімдіктерінің 206 мың түп көшеті дайындалып, күтіп-баптау жұмыстары жалғасуда. Алдағы уақытта көшеттердің санын ұлғайтып, 2 миллионға жеткізу көзделіп отыр. Биыл күзде 17 түрден 2400 келі тұқым жинау жоспарлануда. Мекемеде егілген мәдени екпелерге жыл сайын толықтыру жұмыстары жүргізіліп, күтіп-баптау мен суғару жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Бүгінгі таңда екпелердің өнімділігі 62% пайызды құрайды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі