ТҮРКІСТАН: ПРОБАЦИЯЛЫҚ ЕСЕПТЕ ТҰРҒАН АЗАМАТТАРҒА ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТІЛДІ
Түркістан қаласы полиция басқармасында облыс әкімдігі жанындағы полицияның сервистік моделін енгізу бойынша қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ведомствоаралық топ мүшелері пробациялық есепте тұратын азаматтармен жиналыс өткізілді. Жиында пробациялық есепте тұратын азаматтардан сауалнама алынып, психологиялық тұрғыдан көмек, жұмысқа орналасу бойынша ұсыныстар берілді. Түркістан облыстық Қоғамдық кеңесінің мүшесі, облыс әкімдігі жанындағы полицияның сервистік моделін енгізу бойынша қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ведомствоаралық топ мүшесі Зуппархан Чалдановтың айтуынша, Түркістан қаласында пилоттық жоба жүзеге асырылып жатыр.
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы Жолдауында сервистік полицияны дамыту тапсырмасын жүктеген болатын. Осыған байланысты облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасымен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ведомствоаралық топ құрылған. 2 аудан пилоттық режимге енгізілді. Бүгін жоспарға сәйкес осы жиынды өткізіп отырмыз. Мақсат – сотты болған тұрғындарға психологиялық көмек беру, олардың қалыпты өмірге оралуына жағдай жасау. Түркістан қаласы қауіпсіз әрі туризмге қолайлы статусын сақтауы тиіс, – дейді ол.
Кездесуде пробациялық есепте тұрған азаматтардан облыстық полиция департаментінің ЖҚПБ жұмысын ұйымдастыру және қадағалау тобының инспекторы, полиция капитаны Көкаршын Жолбарысханқызы арнайы сауалнама алды. Инспектор-психолог, әділет аға лейтенанты Ақмарал Бекбай психологиялық көмек бойынша тренинг өткізді.
– Іс-шараның мақсаты – сотталған азаматтарды жұмыспен қамту және психологиялық көмек көрсету. Жалпы облыс орталығында пробациялық 190 адам есепте тұр. Арнайы ведосмтвоаралық топпен, облыстық «Жастар ресурстық орталығымен» бірлесе жоспар жасалып, пробациялық есепке алынған азаматтармен жұмыс жүргізіліп жатыр. Оларды қайта қылмысқа бармауына ықпал етіп, жұмыспен қамтылып, қоғамда өз орнын табуына көмек көрсету маңызды мәселе, – дейді А.Бекбай.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі