ТҮРКІСТАН: САЙРАМ АУДАНЫНДА АГРОИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҚ ҚҰРЫЛМАҚ

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сайрам ауданында өндірістік аймақ құру үшін мегаполиске жақын аумақтан жер учаскесін қарастыруды тапсырған болатын.
Облыс басшысы тапсырманың орындалу барысын тексеру мақсатында Сайрам ауданына іссапармен барып, агроаймаққа арналған жер телімін көрді. Ондағы инфрақұрылым тарту жобасымен танысты.
Облыс әкімінің индустриалды аймақтардағы өзекті мәселелер туралы хаттамалық тапсырмасына байланысты тиісті жұмыстар жүргізіліп, «Агроөнеркәсіп индустриалды аймағын құру» мақсатында Сайрам ауданы, Қайнарбұлақ ауылдық округіне қарасты Таскешу елді мекеніндегі шаруа қожалықтарының 90 гектар жер телімі мемлекет меншігіне алынды. Қазіргі уақытта Сайрам ауданы әкімдігі тарапынан жер учаскесін беру туралы қаулы қабылдау бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде және агроиндустриалды аймақты құру мақсатында концепция әзірлену үстінде.
Аудан әкімі Арман Сәбитов инфрақұрылым жүргізу жобасын таныстырып, қажетті қаражат көлемін мәлімдеді. Газ, электр қуатына қосылу мүмкіндіктерін баяндады. Тереңдігі 150 метр болатын 2 дана ауыз су ұңғымасын қазып, сиымдылығы 500 тонна болатын су резервуарын құру керек. Бұдан бөлек, ол жол салу жұмыстары туралы да айтты.
Жер телімі өндіріс аумағын күре жолмен тікелей байланыстыруға қолайлы А2 автомобиль жол бойында орналасқан. Бұл логистика үшін қолайлы. Өндіріс аймағы Батыс Еуропа-Батыс Қытай автомобиль жолы бойына жақын орналасқандықтан ішкі және сыртқы нарықтарына шығуға мүмкіндігі жоғары.
Дархан Сатыбалды аудан әкіміне маңызды жобаны жүзеге асыру барысы мен құрылыс сапасын қатаң бақылауда ұстап, қажетті қолдау көрсетуді тапсырды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі