ТҮРКІСТАН: САРЫАҒАШ АУДАНЫНДАҒЫ ҚАПЛАНБЕК КЕДЕН БЕКЕТІНЕ КІРЕБЕРІС ЖОЛ КЕҢЕЙТІЛЕДІ

Түркістан облысы, Сарыағаш ауданындағы облыстық маңызы бар «А-15 автомобиль жолы – Қапланбек кеден бекетіне кірме жолын» қайта құрудан өткізу жоспарланып отыр. Нәтижесінде, аталған жол 2 жолақтан 4 жолаққа ауыстырылады. Жоспарға сәйкес, жол бойында жарықтандыру шамдары және замануи үлгідегі аялдамалар орнатылып, аяқжол салынбақ.
Бүгінгі таңда облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен жобалаушы мекеме «Бақытжан Жоба» ЖШС тарапынан аталған жолды қайта құрудан өткізуге жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын 2025-2026 жылдары іске асыру жоспарлануда.
Түркістан облысында жол жөндеу жұмыстары жоспарға сәйкес, жүйелі жүргізілуде. Биыл өңірдің автомобиль жолдарының сапасын арттыруға республикалық, облыстық бюджеттен және «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында тиісті қаржы қаралып, құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы ұзындығы 1061,3 шақырымды құрайтын жолдар мен көшелер қамтылды. Жыл қорытындысымен 559,6 шақырым жол пайдалануға беріледі деп көзделген.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі