ТҮРКІСТАН: САРЫАҒАШТАҒЫ ШАЛҒАЙ АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫ ТАЗА АУЫЗСУҒА ҚОЛ ЖЕТКІЗДІ
Республика күні мерекесі қарсаңында Сарыағаш ауданындағы Әлімтау елдімекенінде 1200-ге жуық тұрғын таза ауызсуға қол жеткізді. Осыған орай аудан әкімі Мұхит Отаршиев тұрғындардың қуанышымен бөлісуге арнайы барды.
«Біз үшін ауылды көркейту, ауызсумен қамту, көгілдір отын жеткізу және халықтың әл-ауқатын арттыру — басты назардағы мәселе. Алдағы уақытта да аудан аумағындағы елдімекендерді ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасады. Мұның барлығы да Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдаулары мен тиісті міндеттемелерінің арқасында мүмкін болып отырған игілік деп білемін», – деді аудан басшысы.
Әлімтау елдімекенін таза ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстары былтыр басталып, биыл пайдалануға беріліп отыр. Жобаға сәйкес елдімекенде екі ұңғыма қазылып, 21,8 шақырым ауызсу құбырлары тартылған. Сондай-ақ, ұңғымадан шыққан суды тазалауға арналған екі дана мембрана қондырғылары орнатылды.
Айта кетсек, жалпы ауданның орталықтандырылған ауызсу құбырымен қамтылу деңгейі — 74,5 пайыз. Биыл елдімекендерді ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында 8 нысанның құрылыс монтаж жұмыстары жүргізілуде.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі