ТҮРКІСТАН ТЕАТРЫНЫҢ ЖАС ӘРТІСІ ЖЫЛДЫҢ АЛҒАШҚЫ ПРЕМЬЕРАСЫН САХНАЛАЙДЫ

✔️Бұл туралы бүгін Түркістан музыкалық драма театрында өткен баспасөз жиынында баяндалды. Шығармашылық ұжым «Жалдамалы пәтер» спектаклінің тұсауын кесіп, көрермен назарына ұсынғалы отыр.
✔️Мұзафар Ғалымжанұлы өзінің тырнақалды туындысы туралы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне тарқатып айтып берді. Театр ашылғалы бері еңбек етіп келе жатқан талантты жас әртіс бүгінде өзін автор әрі режиссер ретінде жаңа қырынан сынамақ. Оның айтуынша алғашқы идея жертөледе пайда болған. Содан соң көптің қолдауымен толықтырылып, жүзеге асырылып отыр.
✔️Баспасөз жиынында шығармашылық ұжым көптің сұрақтарына жауап берді. Бүгінде биылғы жылдың алғашқы премьерасына қызу дайындық жүргізілуде. Екі құрамда ойнайтын әртістер дайындық барысындағы қиын да қызықты сәттерімен бөлісті.
📌Қойылымның көтерер тақырыбы да өзекті. Тіршіліктің қамытын киіп, күнделікті күйбеңмен жүрген қаншама жан бәз біреудің босағасында пәтер жалдап күн кешуде. Жалдамалы пәтер жанға сая бола ма? Ал егер ол үйден күтпеген жерден тағдырыңды жолықтырсаң ше? Жұмбақ жағдайда танысқан қыз бен жігіттің арасын өнерге деген құштарлық жақындата ала ма? Музыкалық драма мен комедия жанрларын ұштастырған махаббат хикаясының әрі қарай қалай өрбитінін 18-19 қаңтар күндері қойылымнан тамашалай аласыздар.
📌Басты рөлдерде Қадыржан Төреханов, Аяжан Жұмабек, Досымжан Арқабеков, Аида Серикова, Темірлан Еркінғалиев, Ақ-Сұлтан Әнуарбек, Ұлан Әділбек, Мейіржан Тұрсынов, Ақбала Ыбырайқызы, Болатбек Оспан, Мерей Құдайберген сынды театрдың әртістері ойнайды. Қойылымның композиторы – Ербол Нариманұлы, көркемдік жетекшісі – Мадина Мұратпекова.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі