Түркістан төрінде салынған алаңға 230 миллион теңге қаржы жұмсалған
Еліміз бойынша биіктігі жағынан үшінші алып ту Түркістан төрінде желбіреп, рәміздер алаңы ел игілігіне берілді. Тудың биіктігі — 62,5 метрді ал, байрақтың ені 12 метр болса, ұзындығы 24 метрді құрайды.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Рәміздері көрініс тапқан және елдік мұратты меңзеген Елбасы мен қазақ елі қайраткерлерінің қанатты сөздері жазылған арнайы тас тақталар сап түзеген нысанның құрылысын «Түркістан Жарық Тазалық» ЖШС-і жүргізген. Бекзат Саттарханов даңғылының бойында салынған алаңға жергілікті бюджеттен 230 миллион теңге көлемінде қаржы бөлініпті. Түрлі кіші архитектуралық формалар мен су бұрқағы, беседкалар, орындықтар, урналар, газондар мен гүл клумбалары орнатылып, декоративті ағаштар отырғызылып, бөлінген қаржы толығымен игеріліп, абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Туған жергімізге және рәміздерімізге деген құрметті арттыру, патриоттық рухын ояту мақсатында салынған алаңның салтанатты ашылуына облыс әкімі Жансейіт Түймебаев «Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Тəуелсіздік — Алтын күмбез дейтін болсақ, сол күмбезді тіреп тұрған төрт белгі – рəміздеріміз бар. Оның біріншісі — Елтаңба, екіншісі-Əнұран, үшіншісі — Көк байрақ, төртіншісі — қазақ тілі» деген сөзі бар. Сондықтан Егеменді еліміздің қасиетті нышандарын қадірлеу – Қазақстанды – Отаным деп есептейтін әрбір азаматтың парызы деп есептеймін. Рәміздер — біздің ұлттық арымыз бен намысымыз. Ендеше бүгінгі ашылып отырған «Рәміздер алаңына» құрметпен қарап, намысымызды қорғай білейік дегім келеді», — деп өз лебізін білдірді.
Дархан. Молдажанұлы,
ОҚО.