Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, елді мекендерді көгалдандыру жұмыстары басталды. Бүгінгі таңда «Отырар орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесіндегі» тұқымбақта өсірілген көшеттер Түркістан, Арыс қалалары мен Отырар аудандарын көшетпен қамтып жатыр.
10 гектар алқапты алып жатқан Қоғам ауылындағы тұрақты тұқымбақта қарағаш, өрік, үйеңкі, шаған, қылқан жапырақты, жиде секілді тағы басқа ағаштардың түрі өсірілуде. Тұқымбақты дамыту мақсатында биыл гүлді және сирек кездесетін сәндік ағаштарды өсіру көзделіп отыр.
Жалпы мекеме тұқымбағынан аудан, қала елді мекендерін көгалдандыру жұмыстарына өткен жылдың күз мезгілінде 117 820 түп ағаш-бұта көшеті босатылды. Биылғы көктем мезгілінде аудан-қалаларға көшеттер қазылып, босатылуда.
Бұдан өзге, тұқымбақта тазалық шаралары қарқынды жүргізілуде. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында әр сенбі күндері сенбілік ұйымдастырылып, орманшылар тұқымбақ аумағында ретсіз өскен шөптерді жұлып, қураған талдарды бұталап, ағаш түптерін әктеп жатыр. Жалпы жыл сайын орманшылар тұқымбақты тазалап, жасыл желектерді көктем-күз айларында босатуға дайындайды.