ТҮРКІСТАН: ТҮЛКІБАСТАҒЫ «АЛТЫН КҮЗ» МЕРЕКЕСІНДЕ ЕҢБЕК ОЗАТТАРЫ МАРАПАТТАЛЫП, ЖӘРМЕҢКЕ ӨТКІЗІЛДІ

Түлкібас ауданында жылдағы дәстүрге сай «Алтын күз 2024» мерекелік іс-шарасы өтті. Шараның ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов және аудандық мәслихаттың төрағасы Хамит Байысбаев аудан кәсіпкерлерін, еңбек адамдарын мерекелерімен құттықтап, ауыл шарушылығы саласында жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізген еңбек озаттарын алғыс хат, төс белгі және бағалы сыйлықтармен марапаттады. Басқосу соңы концерттік бағдарламаға ұласып, аудан өнерпаздары жиналған қауымға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Еңбегінің жемісін көріп отырған ауданның еңбек озаттары мемлекеттік қолдаулардың арқасында тыңғылықты жұмыстар жүргізіп, өзіндік жақсы көрсеткіштерімен жылды қорытындылауда. Атап айтсақ, биылғы 9 айда ауыл шаруашылығы саласында 39,1 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген. Оның ішінде мал шаруашылығы 17,6 млрд. теңгені құраса, өсімдік шаруашылығы өнімі 21,5 млрд. теңгеге жетіп отыр.
Сонымен бірге аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңкеде Түлкібаста өндірілетін ауыл шаруашылығы тауарлары жергілікті тұрғындарға 15-20 пайыз арзан бағада ұсынылды. Мол өнімді тиімді бағада алған аудан тұрғындары шаруалардың еңбегіне дән риза екендіктерін жеткізді.
Аталған шараға аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов қатысып, сауда қатарларын аралады. Іс-шараның негізгі мақсаты – шаруалар өндірген өнімдерді тұтынушыларға делдалсыз, тікелей ұсыну.
Жәрмеңке барысында 20 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімі жеңілдетілген бағада сатылды. Сонымен қатар мерекеге орай ауыл шарушылығы техникасы мен асыл тұқымды төрт түліктің көрмесі ұйымдастырылды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі