ТҮРКІСТАН: ЖАҢА ЖЫЛ МЕРЕКЕСІНДЕ ҚАУІПСІЗДІК ШАРАЛАРЫН САҚТАУ МАҢЫЗДЫ
Жаңа жыл мерекесіне орай кәсіпкерлермен пиротехникалық заттарды сату және сақтау тәртібіне бақылау жүргізу бойынша Түркістан облысының Полиция және Төтенше жағдайлар департаменті бірлескен іс-шаралар жоспарын бекіттті. Бұл жайында Түркістан облысы ТЖД басқармасы бастығының орынбасары Нұрболат Педен мәлімдеді.
Жоспарға сәйкес, пиротехникалық заттарды сатуға лицензиясы болмаса немесе сақтау тәртібінде заң бұзушылықтары орын алған жағдайда полиция қызметкерлері тарапынан кәсіпкерге айыппұл салуға әкімшілік іс қозғалып, пиротехникалық заттарды тәркілеуге алады. Мерекелеу кезінде өрт қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша қала тұрғындарының арасында үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарламалар берілуде.
-Пиротехникалық бұйымдарды тек лицензиясы бар дүкендердің арнайы бөлімдерінен сатып алған жөн. Температуралық режим сақталмаған жердегі пиротехника адам өміріне қауіпті. Бұйымдарда сәйкестік сертификаттары, сондай-ақ қолдану жөніндегі егжей-тегжейлі нұсқаулықтар болуы тиіс,- деді Нұрболат Нұржанұлы.
Айта кетейік, 2022-2023 жылдары Жаңа жыл мерекесін тойлау кезінде пиротехникалық заттарды пайдалану кезінде жазатайым оқиғалар тіркелмеген.