ТҮРКІСТАН: ЖАСТАР ҚАРТТАРДЫҢ АУЛАСЫН ҚАРДАН ТАЗАЛАП, КОММУНАЛДЫҚ САЛА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ ЫСТЫҚ ТАҒАМ ТАРАТТЫ

Түркістан облысы, Мақтаарал ауданында да ауа-райы күрт суытып, тоқтаусыз қар жаууда. Осыған байланысты мақтааралдық жастар көпке үлгі болып, аудандағы жалғызілікті қарттардың үйлеріне арнайы барып, үй аулаларын қардан тазартуға көмектесті.

Аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің бастамасымен ұйымдастырылған қайырымдылық іс-шарасына 2 кент пен 9 ауылдық округтен 100-ден астам ерікті жастар қатысып, қазіргі таңға дейін 29 үй ауласы қардан тазартылған. Жалғызілікті қарттардың тізімін ауданның жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жасақтап берген.

– Қыс қаһарына мінді. Жерлестеріміз мұндай қарды соңғы рет 1995 жылдары көргенін айтуда. Аудан басшысының бастамасымен кенттер мен елдімекендерде көшелерді қардан тазалау жұмыстары тынымсыз жүріп жатыр. Мұндай уақытта біз жастар да қарап отыра алмадық. Міне, еріктілердің көмегімен жалғызілікті қарттардың үйлеріне барып, үй аулаларын қардан тазартуға көмектесіп жатырмыз, – деді аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры, аудандық мәслихаттың депутаты Сүндет Кенжебаев.
Айта кетейік, жалғызілікті қарттардың үйін тазарту жұмыстары жер-жерлерде әлі де жалғасын табуда.
Сондай-ақ мақтааралдық жастар тағы да бір игі іске бастамашы болды. Мақтаарал ауданында қардың тынымсыз жаууына байланысты 150-ден астам жұмысшы қар тазалауға жұмылдырылған. Қатты аязға қарамастан, аталған жұмысшылар кенттер мен елдімекендердегі орталық көшелердің бойындағы, мектепке, балабақшаға және медициналық нысандарға алып баратын жолдардың бойындағы аяқжолдарды, халық көп шоғырланатын орындарды, саябақ пен гүлзарларды қардан тазарту жұмыстарын жүргізуде.
Аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің қызметкерлері жұмысшылардың ерен еңбегін ескеріп, қар тазалау жұмыстарын жүргізіп жатқан жұмысшыларға шәй, кофе, бәліш, құймақ, самса және тәттілер үлестірді. Сондай-ақ, бейнеттері үшін алғыс айтып, қар күреу жұмыстарына көмек көрсетті.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі