ТҮРКІСТАН ЖАСТАРЫ ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ КЕСЕНЕСІ МАҢЫНДА ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АКЦИЯ ӨТКІЗДІ
Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен Наурызнама онкүндігі аясында мейірімділік күні аясында “Сенбілік – тазалық айнасы” атты акция өтті.
Акцияның мақсаты – жастардың қоршаған ортаны таза ұстауға, экологиялық тазалықты сақтауға ынталандырып, сүйіспеншіліктерін ояту.
Жалпы, көктем айы – жаңару мен жаңғырудың, түрлену мен түлеудің ғана емес, тазалықтың да айы. Бұл мезгілде жұртшылық айналаны тазартып, күл-қоқыстан арылтатыны рас. Тазалық сақтау ішкі тұлғалық мәдениетіміздің айқын белгісі екенін ескерсек, тазалықты өзімізден бастау керектігін ұғамыз. Қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың басты міндеті.
Көктем мезгілі басталғалы облыс жастары сенбілік жұмыстарын жоспарға сәйкес ұйымдастырып келеді. Аталған сенбіліктер алдағы уақытта тұрақты түрде барлық аудан, қалада жалғасады. Бүгінгі акцияға облыстың 200-ге жуық белсенді жасы қатысып, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі аумағында тазалық жұмыстарын жүргізді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі