ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙ ДРАМА ТЕАТРЫ 55-ШІ МАУСЫМЫН ЖАҢА ТУЫНДЫМЕН АШТЫ
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңірде мәдени және спорттық нысандарды көбейту, тұрғындардың рухани әлеуетін көтеру бағытындағы жұмыстарды жандандыру жөнінде тапсырған болатын. Осыған орай шалғайдағы елдімекендерге де ерекше көңіл бөлінуде.
Ең алғаш шымылдығын қазақтың классик жазушысы Б.Майлиннің «Жалбыр» пьесасымен ашқан Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының 55-ші маусымының ашылуына аудан әкімінің орынбасары Марат Айнабеков пен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев, Жетісай қаласының әкімі Нұрлыбек Бахтияров пен мәдениет саласының ардагер майталмандары – Бөрі Иса, Сапаралы Серікбаев пен Бақыт Сраилов сонымен қатар Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қалалық сазды-драма театрының директоры Ержан Исатаев қатысып, ұжымға сәттілік тіледі.
– Кинематография мен театрдың үлкен айырмашылығы бар, ол – театрлық қойылымды біз ешбір монтажсыз шынайы қалыпта көреміз және нағыз таланттың өнеріне баға бере аламыз, ал киноны бізге өзге біреу көрсетеді. Міне, басты айырмашылық та осында. Кезінде Жүсіпбек Аймауытов «… театр деген нәрсе ермек емес, көңіл көтеру де емес, ол – үлгі, ол – тәрбие, өнер орны» деген. Театр сахнасынан әрбіріміздің өмірімізде жиі кездесетін ізгілік пен махаббат, зұлымдық пен қиянат, бас пайдасын ғана ойлайтын «менмендік» секілді қасиеттердің арақашықтығын, олардың айырмасын көруге болады. Зұлымдықты сынай отырып, адамдарға ізгілік пен имандылық жолына баға да бере аламыз, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Дәл осы күні күндіз аталған театр басшылығы мен әртістерінің, БАҚ өкілдерінің қатысуымен баспасөз мәслихаты өткен болатын. Кездесу барысында Жетісай театрының 2023 жылғы бекітілген жоспарларының орындалуы, бүгінде атқарылып жатқан негізгі жұмыстары баяндалды. Театр директоры Орал Камал 55 жылдық тарихы бар театрдың жетістіктері мен өткеніне тоқталып, қуыршақ театрын қолға алып жатқанын жеткізді. Сондай-ақ жыл соңына дейін бірнеше жаңа туынды театр сахнасында қойылмақ.
Маусымашар барысында аудан әкімінің орынбасары театр музейімен танысты. Көрермендердің көңілінен шығып уақыт, заман ағымынан артта қалмау үшін нәтижелі еңбек етуді басты мұратымыз деп білетін театр ұжымы жаңа маусымда тағы бір тың дүниені көпшілікке ұсынды. А.М.Володиннің «Махаббат бер!..» драмасын сахналаған қоюшы режиссер Аридаш Оспанбаева болса, режиссердың ассистенті Елдос Ақылов, қоюшы суретшісі Бақыт Сраилов.
Отанның отбасынан басталып, мемлекет іргесінің берік болуы үшін әрбір отбасының бекем болғаны маңызды екенін ұғындыруға ұмтылатын драмада соңғы кездері отбасы құрған жастардың да, ересектердің де арасында ажырасу фактілерінің жиілеп кеткені, шаңырақтың шайқалу себептері, өз бақыттары үшін соңына дейін күресе алмаудың салдары кеңінен суреттеледі. «Ерлі-зайыптының сыйластығын, ізет-құрметін қалай сақтап, нығайтуға болады? Дос пен достың, әйелі мен күйеуінің алдындағы міндеттері неден тұрады?» деген сұрақтарға жауап іздейді.
Әртістердің әрбірі өздеріне бекітілген образын керемет алып шығып, тек қана əртістер мен режиссер, суретші мен музыкант арасында ғана емес, көрермендермен де диалог орната білді. Тарих көшімен ілесе отырып рухани байлық, көтеріңкі көңіл-күй, шабыт пен күш-қуат сынды адами қасиеттерді сыйлауды мақсат еткен өнер ұжымының жаңа туындысы көпшілік көңілінен шығып, қошеметке бөленді. Алғыс арқалап, сахнаның киелі екенін тағы да бір дәлелдеді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі