ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДА ЕРКІН КҮРЕСТЕН ЖАСӨСПІРІМДЕР АРАСЫНДА ОБЛЫСТЫҚ ЧЕМПИОНАТ ӨТІП ЖАТЫР

Жетісай қаласындағы Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінде боз кілемде атой салып, жауырыны жерге тимеген қазақ балуандарының ізбасарларының басын қосқан байрақты бәсеке басталды. Түркістан қаласы мен барлық аудандардан келген 17 команда құрамында 22 салмақ дәрежесінде бағын сынап жатқан 667 қатысушының ішінен топ жарған жеңімпаздарға ақпан айында Алматы және Орал қалаларында өтетін ел чемпионатына жолдама беріледі.
Түркістан облысының спорт басқармасы мен Жетісай ауданы әкімдігінің, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен Жетісай аудандық №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ұйымдастыруымен 21-25 қаңтар аралығында өтетін Түркістан облысы чемпионатының ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков пен спорт ардагері, халықаралық дәрежедегі төреші Бақыт Жаңбырбаев, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев пен еркін күрестен жасөспірімдер арасында Түркістан облысының аға бапкері Абылайхан Рыспаев, «Жетісай спорт клубы» КММ директоры Таласхан Битөреев пен Жетісай және Мақтаарал аудандары балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің басшылары қатысты.
Салауатты өмір салтын насихаттай отырып, жасөспірімдер арасында достық қарым-қатынасты нығайтуды, жаңа жас таланттарды анықтауды, бұқаралық спортты дамытуды мақсат еткен жарыста 2008-2009 жылы туған жасөспірімдер 45, 48, 51, 55, 60, 65, 71, 80, 92 және 110 келі салмақта өзара мықтыларды анықтаса, 2010-2011 жылы туғандар 35, 38, 41, 44, 48, 52, 57, 62, 68, 75, 85, 85+ салмақ дәрежесінде боз кілемге шығады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі