ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДА ЕУРОСТАНДАРТҚА САЙ САНАТОРИЯНЫҢ ҚОСЫМША ҒИМАРАТЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Жетісай ауданы Жылы су ауылдық округі, С.Сейфуллин елді мекенінде орналасқан «Төлеген» санаториясынының қосымша ғимараты іске қосылды. Жаңадан қосылған 30 орындық қосымша ғимараттың жұмыс барысымен аудан әкімі Серік Мамытов танысты.
1996 жылы аудандық аурухананың бөлімшесі ретінде жұмыс істеген мекеме 1999 жылы жекешелендіру кезінде «Төлеген» санаториясы ЖШС болып қайта құрылған. Алғашында айына 70 адамды, кейінірек 90 адамды қабылдайтын емдік-сауықтыру мекемесінің бүгінде қосымша ғимараты іске қосылып отыр.
Қазақстан емдік-сауықтыру санаториялары қауымдастығының мүшелігіндегі шипажай заманауи талаптарға сай жасалған. Бағасы да тиімді. Мұнда келушілерге тәулігіне 5 мезгіл ыстық тамақ пен сан түрлі ем қабылдау мүмкіндігі жасалған.
Минералды суының құрамы 14 элементтен тұратын емдік-сауықтыру орталығында келушілер 12 түрлі дертке ем қабылдай алады. Жер астында 46°С ыстықта қайнап шыққан су 37-38°С-та қолданылады. Барлық еуростандарттарға сәйкестендірілген орталық емдік шараларына қажетті құрал-жабдықтарды Шымкент, Алматы қалаларымен қатар алыс-жақын шет елдерден тапсырыспен алдырады. Көпбалалы аналар мен әлеуметтік қолдауды қажет ететін жандарға арнайы жеңілдіктер қарастырған санатория 150 орынға есептелген, айына 400-ден астам келушіні қабылдауға мүмкіндігі бар.