Наурыз мерекесінің қарсаңында Жетісай ауданында 62 отбасы баспаналы болды. Мерекелік шараға аудан әкімі Серік Мамытов пен «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының атқарушы хатшысы Асқар Қайназаров арнайы қатысып, үй иелерін қуаныштарымен құттықтады.
Жеке инвесторлар есебінен салынып, қолданысқа берілген 54 пәтерлі 2 тұрғын үй Асықата кентінен бой көтерсе, 8 пәтерлі 4 тұрғын үй Қазыбек би ауылдық округінің Ә.Оспанов елді мекенінде салынған. 2 және 3 бөлмелі пәтерлердің жалпы аумағы 60 шаршы метрді құрайды. Құрылыс жұмыстары өткен жылы басталып, қажетті инфрақұрылыммен толық қамтылған.
Аталмыш пәтерлер арнайы жұмыс істейтін комиссия шешімімен тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы отбасыларға, І-ІІ топ мүгедектігі бар азаматтарға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, мемлекеттік қызметшілер мен өзге де бюджеттік мекемеде жұмыс істейтін азаматтарға берілді.
Айта кетсек, алдағы уақытта ауданда сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тағы 28 үйді тапсыру көзделіп отыр.