ТҮРКІСТАН: «ЖІБЕК ЖОЛЫ» КЕДЕН БЕКЕТІНІҢ ЖҰМЫСЫ ЖАНДАНАДЫ
Кездесу барысында екі мемлекеттің уәкілетті органдары шекараға келген автобустардың кезексіз өтуі, жолаушыларға қолайлы жағдай жасау, өткізу пунктін ретке келтіру бағытындағы жұмыстарды талқылады. Сондай-ақ, Қазақстан мен Өзбекстаннан кіру пунктінен тұрақты халықаралық бағыттар үшін автобус жолағын құру, құжаттық бақылауды автоматтандыру туралы ұсыныстар айтылып, тапсырмалар берілді.
Қазіргі уақытта көлік жолаушылары ортақ зал арқылы өтуде. Сондықтан «Жасыл дәліз» арқылы жолаушылардың көлікпен бірге шекара асуы қарастырылуда. Сонымен қатар екі ел шекарасынан өтетін жолаушылар ағымының көптігіне байланысты шекара қызметі офицерлерінің саны артпақ. Осы ретте, тасымалдаушылардың бірыңғай электрондық деректер базасы құрылады.
Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы жолаушылар ағымы және жүк көліктері қозғалысы үшін аса маңызды бекет тәулік бойы жұмыс істейді.
Айта кетейік, Сарыағаш ауданындағы «Жібек жолы» кеден бекеті — Қазақстан мен Өзбекстан елдері арасында ғана емес, Орта Азиядағы ең ірі кеден бекеттерінің бірі.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі