ТҮРКІСТАН: ЖЫЛЫЖАЙЛАРҒА ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛЕДІ

Жылыжай шаруашылықтарын қарқынды дамытуда Түркістан облысы еліміздегі алдынғы қатарда келеді. Жалпы республикадағы жылыжайлардың 71% облыстың үлесінде немесе 1569 гектар. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды осы салаға қолдауды күшейтіп, жаңа жобаларды жүзеге асыруды тапсырды.
Биыл қаңтар айында ауа райы -22 градусқа дейін күрт суып, қар қалың түсті. Жеке жылыжай шаруашылықтары тиісті көмір қорын қалыптастырмағандықтан қыс мезгіліне дайын болмай шықты.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес шұғыл іс-шаралар атқарылып, 591,0 гектар (1058 агроқұрылым) жылыжайларға қыс маусымына 200,8 мың тонна көмірі отыны қажеттілігі анықталып, «Қазақстан темір жолы» АҚ-ы арқылы 186,7 мың тонна көмір отыны облысқа жеткізілді.
Екіншіден, жалпы жылыжайлардың 94%-ы фермерлік қолдан жасалған жеңіл конструкциялы жылыжайлар болғандықтан кейбіреулерінің өнімдерін үсік шалды. Оның ішінде 167 тауар өндірушінің 36 гектар жылыжайы қар салмағын көтере алмай жарамсыз күйге түсті. Осылайша, жеке кәсіпкерлер қаржылық шығынға ұшырады.
Әкімдік тарапынан тауар өндірушілердің мүлкіне келтірілген нұқсан жөнінде акті ұсынылған жағдайда қаржы ұйымдары алдындағы берешектерінің (несие қаржы) өтеу мерзімдерін 1 жылдық мерзімге кейінге шегеру жөнінде ұсыныстар жолданады. Сондай-ақ зардап шеккен жылыжайларға қаржы ұйымдары арқылы жеңілдетілген несиемен қамтамасыз етуге жұмыстар атқарылады.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі