ТҮРКІСТАН: ЗИЯНКЕСТЕРМЕН КҮРЕС ЖҰМЫСТАРЫНА ДАЙЫНДЫҚ ПЫСЫҚТАЛДЫ

Бүгін облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков жұмыс сапарымен Арыс қаласына барып, қала әкімі Қайсар Маңқараевпен бірге Тойтөбе және Қарақұм алқаптарын аралады. Шегіртке күбіршелерінің анықталған аумақтарын зерделеп, мамандармен пікірлесті.
Іссапар аясында Қожатоғай ауылында алқалы мәжіліс өткізіп, аудан, қала әкімдіктерінің жауапты мамандарымен және тиісті сала жетекшілерімен бірге аса қауіпті Марокко шегірткесіне қарсы химиялық күрес шараларын ұйымдастыру, үйлестіру мәселелерін қарады. Биыл аса қауіпті зиянкестерге қарсы күрес барысында жіберілген кемшіліктер келесі жылы қайталанбауы үшін облыс әкімінің белгілеген тапсырмалары бойынша міндеттер нақтыланып, жауаптылар бекітілді.
Күн тәртібіне сәйкес, Агроөнеркәсіптік кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің Түркістан облысы бойынша аумақтық департаментінің басшысы Бекмұратов Нұрбол, Түркістан облысы бойынша болжам орталығының директоры Біләлбеков Нұрлыбек жоспарланған шаралар бойынша баяндады. Облыстық мәслихат депутаты Қалмұратов Төрегелді осы жылы зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу барысында техника тапшылығы сезілгенін айтты. Сонымен қатар ошақтарды анықтау, болжам жасау үшін мамандар жүктемесін қайта қарау қажеттігін атап өтті.
Нұрбол Тұрашбеков Марокко шегірткесі дернәсілдеріне зерттеу жүргізілетін барлық аудан, қала әкімдіктеріне жекеменшік жер иелері тарапынан күнделікті өз аумақтарында зерттеу жұмыстарының жүргізілуін, нәтижесін Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына және Аумақтық инспекцияға жолдануын қамтамасыз етуді тапсырды. Марокко шегірткесіне қарсы анықтау-зерттеу шараларын тиісті деңгейде ұйымдастыру мақсатында мамандар тобын толықтыру керек екенін ескертті.
– Химиялық өңдеу бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсын кейінге қалдырудың қажеті жоқ. Мердігер анықталып, қаңтар айының соңына дейін дайындық жұмыстары толық аяқталуы тиіс. Зиянкестен құтылудың жолы – бірлесіп, келісе отырып күресу. «Менен кетті, сізге жетті» деген ойдан аулақ болыңыздар. Әсіресе, аудандар, шекаралас алқаптарда қажет болған жағдайда көмекке жұмылуға дайын болыңыздар, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі