ТҮРКІСТАНДА АҚЫНДАРМЕН КЕЗДЕСУДЕ АЙТЫЛҒАН ҰСЫНЫСТАР ШЕШІМІН ТАУЫП ЖАТЫР
Жыл басында Түркістанда өңірдің бір топ жазба және айтыскер ақындарымен және жыршы-термешілермен облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев кездесу өткізген болатын. Өңірдің зиялы қауымы бас қосқан жиында бірқатар ұсыныстар айтылып, басым көпшілігі шешімін тауып үлгерді. Бүгін «Ер Түріктің бесігі» атты облыстық ақындар айтысына келген айтыскерлермен облыстық мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев кездесіп, облыс әкімі Дархан Сатыбалдының атынан өңірдің 12 жас ақынына арнайы бір үлгіде тігілген шапанды табыстады.
– Түркістанның рухани әлеуетін арттыруға, өңіріміздің мәдениетін ілгерілетуде өздеріңіздей айтары бар айтыс ақындарының қосар үлесі мол. Осы жылдың басында Бейсен Дәулетұлымен бірге сіздермен басқосу өткізіп, ой-пікірлеріңізді тыңдадық. Сондай айтылған ұсыныстың бірі облыстың намысын қорғайтын жас ақындардың өзіндік шапанының болуы еді. Міне, бүгін қолға алған істің нәтижесін көріп отырсыздар. Жиынның тағы бір нәтижесінде облыстың 5 жылдығына орай 5 кітап жарыққа шығып, жақында тұсауы кесіледі. Облыс әкімі Дархан Амангелдіұлының бастамасымен өңір руханиятын өркендету бағытында бірнеше ауқымды шаралар жүзеге асты. Соның ішінде түрлі деңгейде іс-шаралар өткізіліп, мәдениет ұжымдары халықаралық додаларда топ жарып жатыр. Соның жалғасы ретінде бүгінгі айтысты ұйымдастырып отырмыз, – деді Әзімхан Серікұлы.
Басқосуда сөз алған Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері, айтыскер ақын «Алтын домбыра» иегері Бекарыс Шойбеков, жазушы, айтыскер ақын Бөрібай Оразымбетов, үш дүркін «Алтын домбыра» иегері, айтыскер ақын Мұхтар Ниязов пікірлерін білдірді.
Ақындардың мерейтойлары кітапханаларда тұрақты атап өтілуде. Қазақстан Жазушылар одағының Түркістан облыстық филиалы және облыстық «Фараб» кітапханасымен бірге «Түркістанда таланттары» жобасы ұйымдастырылды. Жоба аясында өңір қаламгерлері, айтыскер ақындар мен жазба ақындары аудан, қалаларда оқырманмен кездесу өткізіп келеді. Облыстың 5 жылдығы аясында бірнеше ақын-жазушы мен жыршы-термешілердің кітабын жарыққа шығып, жақын күндері тұсауы кесіледі.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі