ТҮРКІСТАНДА ДІН САЛАСЫНДАҒЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ШЕШУ ЖОЛДАРЫ САРАЛАНЫП ЖАТЫР

Бүгін Түркістанда «Дін саласындағы өзекті мәселелерді шешу жолдары» атты облыстық семинар өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, өңірдегі атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдіұлы жергілікті әкімдер мен жауапты қызметкерлердің біліктілігін арттыру бойынша тапсырма берген болатын. Бүгінгі семинар жұмысы соған сәйкес ұйымдастырылып отыр. Бүгінгі таңда облысымызда 14 аудандық, 3 қалалық және 1 облыстық, жалпы 18 ақпараттық-түсіндіру топтары құрылған. Дін саласында қызмет атқаратын маман үнемі білім алу, ізденісте жүру, білгенге амал ету, сабырлы болу, дінге көркем мінезбен шақыру, қоғамның қажетін білуі керек. Дін саласында қызмет атқаратын бүгінгі мамандар осы саланың бет-бейнесі, айнасы десек қателеспейміз. Сондықтан Сіздердің әрбір айтқан сөздеріңіз, жасаған амалдарыңыз сөзсіз қоғамға өзінің әсерін береді, – деді Ертай Кенжебекұлы.
Шара барысында діни ұйымдар мен мемлекеттік институттардың өзара іс-қимыл мәселелері қаралып, діни қызметті реттейтін заңнамалық базаны жетілдіру жолдары талқыланып жатыр. Жастарды толеранттылық пен діни әртүрлілікті құрметтеу рухында тәрбиелеу мәселелеріне, сондай-ақ қоғамның адамгершілік негіздерін нығайтудағы діни институттардың рөліне ерекше назар аудару қажет дейді қатысушылар.
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ мәдениет орталығында өткен ғылыми-практикалық семинарға қала, аудан әкімдері, идеология саласына жауапты орынбасарлары мен ішкі саясат бөлімдерінің басшылары, дін саласындағы жауапты мамандары, оңалту жұмыстарымен айналысатын теолог-дінтанушы мамандар мен ҚМДБ дін қызметкерлері, зайырлылық және дінтану негіздері пәнінің мұғалімдері және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.
Спикер ретінде ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебінің директоры Талғат Жақиянов, «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының шеф-редакторы Нұрбек Бекбау, «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті аға оқытушысы Асқар Әкімханов, Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ университетінің «Әлем тарихы және дінтану» кафедрасының аға оқытушысы Мәди Бесбаев, «SAPSAN» стратегиялық орталығының» директоры, РАТТ мүшесі, сарапшы-теолог Жандәулет Сүлейменов шақырылған.
Облыстық дін істері басқармасының ұйымдастыруымен өтіп жатқан семинар әрі қарай сессиялық отырыстарға ұласады. Жиынның қорытындысы қоғамдық келісім мен тұрақтылықты нығайтуға ықпал ететін діни саладағымемлекеттік және қоғамдық қызметті одан әрі дамыту бойынша нақты ұсыныстарды қалыптастыру болады деп күтілуде.
Айта кетейік, іс-шара мақсаты – қазіргі қоғам діни салада кездесетін негізгі проблемалармен міндеттерді терең және жан-жақты қарастыру. Семинар мемлекеттік органдар, діни бірлестіктер мен сарапшылар қауымдастығы арасында тәжірибе және озық тәжірибе алмасуға, конфессияаралық татулық пен келісімдінығайтуға, діни сенім бостандығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ діни экстремизм мен радикалдануға тиімді қарсы тұрудың стратегияларын әзірлеуге бағытталған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі