ТҮРКІСТАНДА «ҚАМҚОРЛЫҚ» ОРТАЛЫҒЫ 2500-ДЕН АСТАМ ТҰРҒЫНҒА КӨМЕК КӨРСЕТТІ

Облыс орталығында өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды қолдау мақсатында ашылған – «Қамқорлық» отбасы орталығы жүйелі жұмыс атқаруда. Орталық өткен жылы 2568 тұрғынға көмек көрсеткен.
Әлеуметтік әлсіз отбасы мүшелерін өзін-өзі қаржылай қамтуы үшін мекемеде 10 кәсіп түрінен тегін курс оқытылады. 4 кезең арқылы (QADAM – білім беру жобасы, KENSE – әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, NӘTIJE – әлеуметтік жоба, QOLDAU) жүзеге асатын кәсіптік курсты өткен жылы 275 азамат оқып, қазіргі таңда өз табысын табуда. Кәсібін ашуға ниетті 11 көпбалалы ана орталық сүйемелдеуі арқылы мемлекеттік қайтарымсыз грант иегері атанған.
Мұнда тегін курстар да бар. Атап айтсақ, шаштараз, маникюр, педикюр, тігін ісі, қолөнер бұйымдарын жасау ісі, аспаз, тәрбиеші, кондитер, балалар массажы ісі мен эстет косметология мамандықтары бар. Одан бөлек, орталыққа келушілер тегін психолог, заңгер кеңесі және цифрлық қызмет түрлеріне жүгіне алады. Сондай-ақ орталық жалғызбасты аналар мен көпбалалы аналарға мотивация беру, қолдау көрсету мақсатында еліміздегі түрлі саланың танымал өкілдерімен кездесулер, тренинг сағаттарын ұйымдастырылып келеді. Мәселен, биыл орталық көпбалалы отбасы, әлеуметтік әлсіз топ санатындағы отбасы балаларына ағылшын, түрік тілін тегін үйретуді бастады.