ТҮРКІСТАНДА КАРДИОЛОГТАРДЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТІП, БАЛАЛАРҒА КҮРДЕЛІ ОТАЛАР ЖАСАЛДЫ

Түркістанда Қазақстан балалар жүрегін емдеу жөніндегі мамандар қоғамының «Күннен – жүрекке: балалар кардиохирургиясы мен кардиологиясындағы коммуникациялар» атты ІІ Халықаралық конференциясы өтті.
Тәжірибелік жиында Ресей, Беларусия, Польша, Қырғызстан және еліміздің басқа да қалаларынан жиналған кардиолог, кардиохирург және интервенционды кардиолог дәрігерлері балалардағы жүрек ауруларын емдеудегі өзекті мәселелерді талқылап, біліктілігін бөлісті.
Түркістан облысында жыл басынан бері 108 сәбидің жүрегіне ота жасалған. Өңірде кардиохирургия саласы қарқынды дамып келеді. Түркістан облыстық балалар ауруханасында туа біткен жүрек кемістігі бар балаларды тасымалдаудың жол картасы әзірленген. Дәрігерлердің Қызылорда мен Тараздан жүрек кемістігі бар нәрестені санавиация бортымен тасымалдау тәжірибесі бар. Ауруханада кардиореанимация бөлімшесі ашылып, онда жаңа туған нәрестелерді күрделі және ұзақ ашық жүрекке операциядан кейін күтеді.
Айта кетейік, бұл тәжірибе алмасу жұмыстары Түркістан облысының балалар кардиохирургиясы дамуының 10 жылдығына орай ұйымдастырылған.
Конференция аясында Түркістан облыстық балалар ауруханасында еліміздің бас балалар кардиохирургі, «University Medical Center» корпоративтік қоры балалар кардиохирургиясы бөлімінің меңгерушісі Дмитрий Горбуновтың қатысуымен жаңа туған нәрестелерге күрделі оталар жасалды.
Сондай-ақ «University Medical Center» корпоративтік қоры, балалар кардиологы, педиатрия бойынша медициналық директоры Иванова-Разумова Татьяна бастаған бір топ білікті маманның қатысуымен жүрегінде ақауы бар балаларға диагностикалық тексерулер жүргізілді.
Жүрек ақауымен есепте тұратын балалардың ата аналары мен шаранасындағы балада жүрек ақауы анықталған жүкті әйелдер үшін арнайы «пациент мектебі» өткізіліп, кеңестер берілді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі