✔️ТҮРКІСТАНДА ВОЛЕЙБОЛДАН ЖАСӨСПІРІМДЕР АРАСЫНДА ОКТЯБРЬ ЖАРЫЛҚАПОВТЫ ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖАРЫС БАСТАЛДЫ
«Түркістан – Түркі әлемінің туризм астанасы» жобасы аясында КСРО-ға еңбек сіңірген жаттықтырушы, волейболдан Орта Азия және Қазақстан Республикасынан шыққан тұңғыш спорт шеберінің бірегейі, даңқты бапкер Октябрь Қыдырбайұлы Жарылқаповты еске алуға арналған волейболдан Түркістан облысының ашық біріншілігінің ашылу салтанаты өтті. Сайысқа 2008-2009 жылдары туған және одан кіші жасөспірімдер қатысты.
Жарыс салауатты өмір салтын насихаттау, жастардың волейболға қызығушылығын арттыру және спортшылар арасында достық қатынасты нығайту мақсатында ұйымдастырылды. Бұл шараға Ақтөбе, Қызылорда, Қарағанды, Жамбыл және Түркістан облыстарынан келген жасөспірімдер қатысуда. Барлығы 9 командадан тұратын 126 қатысушы бақ сынайды.
Октябрь Жарылқапов – талантты спортшы, білікті бапкер, шебер ұйымдастырушы әрі өз ұлтын ерекше сүйген тұлға. Ауылдан Алматыға келген жас жігіт санаулы жылдар ішінде волейболдан қазақ жастары арасынан шыққан тұңғыш «КСРО спорт шебері» атанып, Одақтағы үздік 24 волейболшының қатарына кірді. Оның қазақ волейболының даму жолында қосқан үлесі ерекше.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі