ТҮРКІСТАНДА «ЗАМАНАУИ ТРАВМАТОЛОГИЯ ЖƏНЕ ОРТОПЕДИЯ КӨКЖИЕКТЕРІ» АТТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТІП ЖАТЫР

Түркістан қаласында травматология және ортопедия медицина саласын дамытуға арналған екі күндік «Заманауи травматология және ортопедия көкжиектері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтуде. Аталған шараға Түркістан облысы әкімнің орынбасары Арман Сабитов, Түркістан облысы қоғамдық денсаулық басқарма басшысы Марат Пашимов, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті ректор өкілі Женгиз Томар қатысты. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің «Академик Н.Ж. Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология жəне ортопедия орталығы» ШЖҚ РМК директоры, Қазақстандық травматолог-ортопедтер қауымдастығының президенті Олжас Бекарисов модераторлық етті.

Конференцияға әлемнің 15 елінің жетекші клиникаларынан делегаттар келді. Атап айтсақ, Ұлыбритания, Ресей, Түркия, Үндістан, Швейцария, Германия, Қытай, Грекия, Египет, Иордания, Әзірбайжан, Бангладеш, Өзбекстан, Қазақстан, Беларусь елдерінің ғалым докторлары қатысты.

Спикерлер өз баяндамаларын оқып, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен, травматология және ортопедия саласындағы жаңа жетістіктерімен бөлісті. Сондай-ақ шараға Қазақстанның түкпір-түкпірінен жетекші травматолог-ортопедтер қатысуда. Шара гибридті форматта өтуде.

Конференцияның екінші күні 16 қыркүйекте іс-шара аясында «Батпенов оқулары» өтеді. Онда 40 жастан аспаған тұлғалар баяндама жасайды, атап айтқанда: медициналық ЖОО студенттері; интерндер, резиденттер, ғылыми зерттеулерге белсенді қатысатын ғылыми қызметкерлер және тағы басқалар. Жүлде қоры 1000 АҚШ доллары көлеміндегі ақшалай қаражатты құрайды.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі