ТҮРКІСТАНДАҒЫ «БЕЛСЕНДІ ДЕМАЛЫС» ЖӘНЕ «ПАРАСАТ» САЯБАҚТАРЫН КӨГАЛДАНДЫРУ БАРЫСЫ ҚАДАҒАЛАНДЫ

Түркістан облысында құрылыс, абаттандыру жұмыстары бір сәтке тоқтаған емес. Әсіресе, облыс орталығында белсенділік өте жоғары. Жексенбі күні Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түркістан қаласындағы бірнеше құрылыс алаңын аралап, жұмыс барысымен танысты. Алдымен ботаникалық бағы бар «Белсенді демалыс» және «Парасат» саябақтарын абаттандыру, көгалдандыру және құрылыс барысын қадағалады.
– Әрбір отырғызылған көшет өсуі тиіс. Осы аймақтың ауа райы мен топырағына шыдамды ағаштарды ғана егіңіздер. Күйіп немесе қурап кеткен көшеттердің орнына қайтадан көшет отырғызу керек. Бұған жауапты мердігер жұмысын жүйелі атқарсын, – деген Дархан Сатыбалды қала әкімі мен мердігерге тиісті тапсырмалар берді.
«Белсенді демалыс» саябағында тропикалық өсімдіктер өсетін ботаникалық бағы бар. Бүгінде үлкен жылыжай ішінде Түркістан өңіріне таңсық ағаштар мен өсімдіктер өсіріліп, балықтар мен құстың бір түрі әкелінген. Сахна, мінбер, 2 субұрқақ, ойын алаңы, скейтбординг және шатырлар салынған. Құрылыс жұмысы 95 пайызға аяқталған.
Ал «Парасат» саябағының құрылыс және абаттандыру жұмыстары 90 пайызға аяқталған. Саябақтың іші ретке келтіріліп, жаңа көшеттермен толықтырылған. Жұмыстар жалғасады.
Қос саябақ та шаһардың туристік әлеуетін көтеріп, жасыл алқабының ұлғаюына үлес қосады деп күтіліп отыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі