Түркістандық 480 отбасы баспаналы болды
Түркістан қаласында «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында салынған 5 қабатты 8 үй ел игілігіне тапсырылды. Бұл күні баспана кезегінде тұрған әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасылар мен мүгедектер және
жалғыз басты аналар сынды 480 отбасы баспаналы болды.
Жаңадан бой көтерген «Отырар» шағын ауданындағы қоныс тойға Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев қатысып, тұрғындарға пәтер кілтін табыс етті.
«Елбасының тапсырмасымен бүгінде еліміздің әрбір аймағында түрлі бағдарламалар аясында тұрғын үйлер салынып жатыр. Бүгін міне Мемлекет басшысының көрегенді саясатының нәтижесін көріп, оның куәсі болып отырсыздар. Көп жылдар бойы кезек күткен отбасылар бүгін бір-бір шаңыраққа ие болды. Бір күнде 480 пәтердің берілуі ол бір Түркістан емес, облысымыз үшін үлкен оқиға деп айтуға болады. Енді мұнда жаңадан 480 отбасы, яғни, үш мыңдай азамат өмір сүретін болады. Жаңа қоныстарыңыз құтты болсын дей отырып, әрбір шаңыраққа бірлік пен береке тілеймін»,-деді аймақ басшысы.
Айта кетейік, 2016 жылы аталған шағын ауданда 120 пәтерді құрайтын 2 үй және ҚИК есебінен 144 пәтер пайдалануға берілген болатын. Бүгін жалпы саны 480 пәтерді құрайтын көпқабатты сегіз үй «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында облыс бюджетінен бөлінген 3 млрд. 109 млн. теңге қаржыға салынған. Мұнда қоныстанған отбасылардың балалары үшін қазіргі күнде балабақша, мектеп мәселесін шешу қарастырылып отыр. Ол үшін жергілікті билік мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында 280 орындық балабақша ғимаратының құрылысын бастамақ. Ал келер жылы осында 900 орындық жаңа мектеп ғимаратының құрылысы жүргізілетін болады. Бұл құрылыстардан басқа жаңа ауданда 200 орындық балаларға арналған психологиялық-түзету орталығы салынуда.
Сонымен бірге, қаладағы 5 мыңға жуық азаматтардың тұрғын үйге деген сұранысын қанағаттандыру мақсатында «Отырар» шағын ауданынан «Қазақстан ипотекалық компаниясы» арқылы тағы да 6 үйдің құрылысы жүргізілмек. Келер жылы жоспарланған 20 көпқабатты тұрғын үй салынса, одан бөлек 150 коттедж бой түзейді. Айта кетерлігі, қаланың әкімшілік іскерлік орталығы да осы шығыс бөліктен бой түзейтін болады.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі