ТҮРКІСТАНДЫҚ ДЕЛЕГАЦИЯ ИРАН ИНВЕСТОРЛАРЫМЕН КЕЛІССӨЗДЕР ЖҮРГІЗДІ

Түркістан өңіріне инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу бағытында жұмыстар жалғасуда.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, облыстық делегация Қазақстан Республикасының сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев бастаған делегация құрамымен Тегеран қаласында Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы экономикалық белсенділерінің форумына қатысты. Форумның негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасында екі жақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыру және жергілікті кәсіпкерлермен тәжірибе алмасу.
Іссапар барысында ҚР сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев бастаған делегация құрамы Иран Ислам Республикасының өнеркәсіп, кен және сауда министрі Сейед Мохаммад Атабеккпен кездесті.
Форум аясында, Түркістан облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқарма басшысы Н.Мырзахметов Түркістан облысында 25 млн. АҚШ долларына «кілем өндірісі зауыты» жобасын іске асыру бойынша «Sorena Carpet Co» ЖШС басшысы Reza Mahmoudian және Iran Carpet Export Symposium басшысы Naser Seraji арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Форум барысында B2B форматында іскерлік кездесулер өтті. Түркістан облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқарма басшысы ирандық трактор шығарушы «Iran Tractor Co.Ltd» басшысы Наси Аббаси мырзамен, Иран Ислам Республикасының ауыл шаруашылық министрлігінің балық шаруашылығы департаментінің директоры Мехди Шахоуримен, Иран сауда және өнеркәсіп палатасының төрағасы Амир Абедимен және тағы басқа кәсіпорын басшыларымен трактор құрастыру, балық жемін өндіру, мал терісі мен жүнін қайта өңдеу салалары бойынша табысты келіссөздер жүргізді. Сонымен қатар Ирандағы кілем өндірісіне машықтанған Кашан қаласына барып, «Adet Carpet Co.Ltd», «Ektiban Carpet Co.Ltd», «Sorena Carpet Co.» кілем зауыттарын аралап, жұмыстарымен танысты.
Түркістанда ирандық кілемдердің шоу-румын және кілем зауытын ашу туралы екі жақты талқылаулар жүргізді. Алдағы уақытта Ирандық кәсіпкерлер облысымыздың инвстициялық ахуалымен танысу мақсатында арнайы іссапармен келуді жоспарланып отыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі