ТҮРКІСТАНДЫҚ ЖАС БАЛУАН «АЗИЯ БАЛАЛАРЫ» ОЙЫНДАРЫНАН ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ
VIII «Азия балалары» халықаралық ойындарының күміс жүлдегері Құдірет Ерімбетовті отбасы мүшелері мен туған-туыстары құрмет-қошеметпен күтіп алды. Түркістан теміржол вокзалындағы күтіп алу іс-шарасының бел ортасынан табылған қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қырықбаев пен қалалық мәслихат депутаты Жандос Арыстанов спортшыны жеңісімен құттықтады.
Жеке бапкері – Асхат Орынбасаров. Балуан бұған дейін облыстың жеңімпазы, ҚР-ның 2 дүркін және халықаралық турнирлердің жүлдегері атанып үлгерген. Күміс медаль тағынған спортшыға туған-туыстары қаржылай сый-сияпат ұсынып, ақжарма тілегін жеткізді.
Түркістанның мақтанышы Құдірет Ерімбетов 10 жасынан бастап грек-рим күресімен айналысады. Әбдісалан Нұрмаханов атындағы ОРМБЖСМ сайыпқыраны облыс орталығындағы Жұмабек Еділбаев атындағы №18 мектеп-гимназиясында 9-сыныпта білім алады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі