ТҮРКІСТАННЫҢ АЖАРЫН АША ТҮСЕТІН ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛЫП ЖАТЫР
Түркістан қаласын көркейту жұмыстары облыс басшысы Дархан Сатыбалдының тікелей бақылауында. Аймақ басшысы қаланы абаттандыру және көгалдандыру бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстарды тексеріп, мердігер мекеме басшыларына сын-ескертпелер жасады. Облыс әкімі жауапты басшыларға жобалардың сапасына аса мән беруді ескертті.
– Саябақтар мен гүлзарлар жалпы қолданыстағы нысандар болғандықтан, сыртқы көрінісімен қатар, сапасына да аса көңіл бөлген дұрыс. Ондағы әрбір орнатылған нысан, ойын алаңшасы халыққа ұзақ мерзім бойы қызмет ету керек. Жобаны алып, жұмысты бастаған соң, соңына дейін абыроймен атқарыңыздар, – деді Дархан Сатыбалды.
Түркістанды одан әрі дамыту бағытындағы жұмыстар үздіксіз жүргізіліп жатыр. Әкімшілік-іскерлік орталығындағы мектеп аумағындағы 1,75 гектар жерге түрлі ағаштар отырғызылып, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылған. 1072,0 м2 жерге ойын және спорт алаңшалары салынып жатыр. Сонымен қатар Б.Саттарханов даңғылынан әуежай бағытындағы 10,15 гектар аумаққа жайғасқан желілік саябақтың абаттандыру жұмыстары аяқталуға жақын. Аумаққа 836 ағаш егіліп, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылуда. Мұнда арка, субұрқақ және шатырлар қарастырылған. Ал 159 м2 аумаққа ойын алаңдары салынады.
«Отырар» мөлтек ауданын абаттандыру жұмыстарының басым бөлігі аяқталды. Мұнда 2,34 гектар аумақты алып жатқан субұрқағы бар гүлзар мен Яссы көшесі бойын жағалай орналасқан гүлзар құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Қазіргі таңда тұрғын үй аулаларын абаттандыру жұмыстары қарқын алды. Жоспар бойынша мөлтек аудандағы 3 аулаға ойын алаңшалары, 3 аулаға спорт алаңшалары салынады. Қозғалмалы орындықтар мен түрлі дизайндағы мафтар аула ажарын аша түспек.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі