Түркия ауруханаларында роботтар ота жасайды
Түркия әлемде ЭКО жасау бойынша бірінші орынды иемденеді. Бұл бағытта Стамбұл қаласында – 3, Анталия шаһарында 3 клиника мен 2 медициналық орталық жұмыс істейді. Мұнда роботтардың көмегімен оталар жасалады. Бүгінге дейін жоғарғы техноголиямен роботтандырылған 6000-нан астам гинекологиялық ота сәтті жүзеге асырылған. Бұл туралы бүгін ОҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Анталия қаласына тәжірибе алмасу мақсатында барған медицина саласының мамандары мəлімдеді.
Облыстық эндокринология диспансерінің дәрігер-эсперті, топ басшысы Қалкөз Қасымбекованың айтуынша, ОҚО əкімі Ж.Түймебаевтың тапсырмасымен Түркияға тəжірибе алмасуға барған 15 медицина қызметкері Анталия қаласында болған. Олар 6 клиниканы аралап көріп, іс-тәжірибе алмасты. Анталиядан 80 шақырым жердегі Испарта қаласындағы 750 төсек-орынға арналған ауруханасы аралады. Тұрғындарға жоғары мамандандыралған көмек көрсететін медициналық құрылымдардың жүйеленген жұмыстарымен танысып, коронароангиографиялық, клиника-диагностикалық, рентген-аритмологиялық зертханалары мен науқастарды қабылдау бөлімдерін көрді.
Тұрақты электрокардиостимуляторлар, кардиовертер-дефибриллятор, СРТ – Д құрылғылары орнатылған кардиология саласында коронография, стенттеу оталары АҚШ тәжірибесімен жүргізіледі. Сол сияқты жекеменшік 120 адамға арналған «OZEL OFM» клиникасында бір айда 30 адамның жүрегіне ота жасалады екен.
– Кардиология саласында коронарография, күре тамырдың ангиографиясы, стенттеу, туа біткен ақауларға эндоваскулярлық жолмен окклюдер қондырғысын қою оталары жасалады, – дейді облыстық кардиоорталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Айнұр Балабаева.
Оның айтуынша, бізде ауырған адам аураханаға жатиып ем қабылдауды дұрыс көрсе, түрік ағайындар палатада жатып емделуді қаламайды. Себебі, олар ауырғаннан гөрі оның алдын алуға көбірек бейімделген. Уақытылы медициналық тексерулерден өтіп тұрады. Біз сөзбен айтқанда, өз өміріне деген жауапкершіліктері жоғары.
Анталия қаласындағы «Training Hospital» клиникасы 904 науқасқа арналған. Қажет болған жағдайда кеңейтіледі, 2200 адамды қабылдауға мүмкіндігі бар. Мұнда 2016 жылы 2,5 миллион науқас ем қабылдаған болса, соның 1,5 миллионға жуығы шетелдіктер болған.
– Түркияда бізде енді-енді қолға алынып жатқан сүйек кемігі науқастарына транспантациялау оталары көптеп жасалады екен. Транспантология өте қатты дамыған. Әрбір азаматы – тегін донор. Көлік жүргізуші куәлігін алар кезде олар саналы түрде өздерінің ағзасындағы бір мүшесін донор ретінде беруге келісім береді. Аталған келісім белгісі жүргізуші куәлігінде көрсетіледі. Егер ол жол апатынан қайтыс болса, медицина мамандары шұғыл түрде іске кірісіп, зақымданбаған сау мүшесін қажет ететін науқасқа тегін трансплантациялайды. Донор тапшылығы жоқ, – дейді Қалкөз Бақытқызы.
Ана болуды жоспарлау жүйелі түрде жүзеге асады. Түсік жасауға мемлекеттік деңгейде қатаң тыйым салынған. Әйелдің өміріне қауіп төнетіндей жағдай болмаса, мүлдем рұқсат етілмейді екен.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі