Түркиядағы ахуал
6 ақпанда Түркияның оңтүстігіндегі Кахраманмараш провинциясында таңғы сағат 4:17-де 7,7 балдық жер сілкінісі болды.
Газиентап тұрғыны Жадыра Асанқызы жер сілкінісі қалай болғанын айтты. «Ұйықтап жатып шошып ояндық. Баланы алып шықтық. Қорқынышты дауыстар естілді. Аяғымызға ештеңе киместен шығып кеттік. Үй өте қатты тербеліп тұрды, үстімізге құлайтын сияқты. Жалаң аяқ жүгіріп, алысқа кеттік. Барлық адам естері шығып, не істерін білмей, туысқандарына хабарласып, түгендеп жатыр. Мен де Қазақстандағы барлық ағайынды хабардар еттім. Қазір осындамыз, жатақхана береді. Үйге бармаймын. Қорқынышты. Ауа райы жаман болып тұр. Ешкім үйіне барғысы келмейді», — дейді ол.
Қазіргі таңда 3381 Түркия азаматтары қаза тауып, 20 426 азамат жараланғандығын AFAD Жер сілкінісі және Тәуекелді азайту бас директоры Орхан Татар хабарлады.
Өңірдегі AFAD және басқа да мекемелерден көмек көрсететін персонал саны 24 мыңнан асты. Ескендір портынан 10 кеме жаралыларды ауруханаларға жөнелтіп жатыр.
Қазақстанның өкілетті органдары түрік тарапымен бірлесіп, зілзаланың зардабын жою үшін қосымша көмек көрсету мәселесін қарастырып жатыр. Мемлекет басшысы Үкіметке жойқын жер сілкінісі салдарынан зардап шеккен Түркия Республикасына шұғыл көмек ретінде 1 миллион доллар бөлуді тапсырды. Сондай-ақ, еліміздің құтқарушылары Түркияның Газиантеп қаласына жөнелтілді.
Әнші Димаш Құдайберген жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмек қолын созатынын мәлімдеді. «Қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтамын. Зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тілеймін! Stranger әлемдік туры аясында менің концерттеріме билеттерді сатудан түскен қаражаттың бір бөлігі табиғи апат салдарынан зардап шеккендерге көмек ретінде берілетінін хабарлаймын. Менің командам толық ақпаратты кейін DimashNews-те жариялайды», — деп жазды әнші Instagram-дағы парақшасына.
Балжан Алжанова