Түркиядағы төңкеріс әрекетін жасаған кім?
Әлем елдері сын садағына алды
Шілденің 15-інен 16-сына қараған түні Түркияда «әскери төңкеріс» бола жаздады. Билік тез арада етек-жеңін жинап, «әскери төңкерісті» тоқтатып, залалсыздандырды. Бірнеше мың адамның жарақаттануына, 300-ге жуық кісінің қаза болуына әкеп соққан «әскери төңкерісті» әлем елдері сын садағына алды. АҚШ, Ресей, Германия, БҰҰ, ЕО, Әзірбайжан, Иран, Қытай, Жапония, Канада, Ирак, Бельгия, Венгрия, Италия, Болгария, Қазақстаннан «демократиялық жолмен билік басына келген Үкіметті қолдау керектігі» жайлы мәлімдемелер жасалды, жеделхаттар жолданды.
Германия канцлері А.Меркель: «Түркияда орын алған әскери төңкеріс әрекеті салдарынан қаншама жанның қаза тапқаны өте қайғылы. Түркиядағы қанды үдерістерді тоқтататын кез келді. Германия Түркиядағы демократия мен құқық мемлекетін жақтаушыларды қолдайды. Елді кім басқаратынын шешетін халықтың таңдау еркі өзінде. Саяси өзгерістер саяси ұйымдар аясында, демократиялық шарттарға сай жасалуы тиіс», — деді.
Ал Еуропа Кеңесінің бас хатшысы Торбжорн Жагланда: «Демократия, адам құқықтары мен құқық үстемдігін жақтаушы Еуропа Кеңесінің мүшелерінің бірі Түркияда демократия ретінде сайланған белсенділерді биліктен аластатуға қатысты ешқандай шара қабылданбайды», — десе, НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг: «Тыныштық пен тұрақтылыққа, Түркияның демократиялық ұйымдары мен Ата Заңына құрмет көрсетілуін талап етемін. Түркия — НАТО-ның құрметті мүшесі», — деп жазды.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та жеделхат жолдап, бұл хабарды үлкен алаңдаушылықпен қабылдағанын атап өткен. «Қайғылы оқиға салдарынан барлық қаза болғандар мен зардап шеккендердің отбасыларының қайғысына ортақтаса отырып, көңіл айтамыз. Бауырлас түрік халқын бірлестікке және болған оқиғаға қатысты төзімділік танытуға шақырамыз. Жағдайдың тезірек ретке келетініне сенімдіміз. Түрік халқы мемлекеттің демократиялық жолмен сайланған қазіргі басшылығымен бірге барлық сын-қатерлерге төтеп беріп, демократия және өркендеу жолындағы тұрақты дамуын жалғастыратынына еш күмән келтірмейміз», — делінген жеделхатта.
Әлқисса. Әскери төңкерісшілердің қолынан аман қалған ел президенті Режеп Тайып Ердоған скайп әлеуметтік желісі арқылы «CNNTurk» телеарнасымен байланысқа шығып, халықты бірден алаңға шақырды. Түркияда көп телеарналардың, соның ішінде мемлекеттік арналардың спутниктік хабар тарату техникасы бүлінді, төңкерісшілер мемлекетке қарасты «TRT» арнасын, «Доған медиа тобын» басып алды. Ал кейбір тәуелсіз телеарналардың, соның ішінде CNN Turk арнасының құралдарына ештеңе болған жоқ. Соның арқасында CNN Turk қысқа уақыттың ішінде бүлікшілерге қарсы топтың мінберіне айналды. Ердоған өзінің ешқайда кетпейтінін, халықпен бірге қалатынын айтты. Әрі «әскери төңкеріс» басталған санаулы минуттардан кейін-ақ бірден бұл төңкерісті кімдердің ұйымдастырып отырғанын мәлім етті.
«Әдетте әскери төңкеріс ең алдымен үкіметке қарсы жасалады, ал Түркиядағы оқиғадан мұны байқай алмадық», — дейді «Азаттық» қызметкері Аббас Жабади. «Шілденің 15-і күні алғашқы оқ атылғанда президент демалыста болатын. Министрлердің, губернаторлар мен полиция басшыларының ешқайсысы тұтқынға алынған жоқ. Бүлікшілер армия командирлерін кепілге алып, жоғары әскери басшылықтың штаб-пәтері мен Анкарадағы әуе базасын басып алды. Соған қарағанда, бұл үкіметке емес, армияның өзіне қарсы әрекет сияқты көрінді», — деп жазады. Сонымен қатар, «әскери төңкерісті» ұйымдастыруға қатысы бар делінген Ф. Гүлен жайлы да: «Айғақ табыла ма, жоқ па, әйтеуір, Гүлен қозғалысына қара күйе жағуға мүмкіндік берді. Ресми тұлғалар мен ақпарат құралдары Гүленнің рөлін зорайтып көрсеткені сондай, оның бұл оқиғаға қатыстылығына күмән келтірудің өзі мүмкін болмай қалды. Үкімет төңкеріс жасауға талпынысты өзінің басқа жауларын да құбыжық етіп көрсетуге пайдалануы мүмкін. Түркия басшылығы мен билік басылымдары Сирияның солтүстігіндегі «Күрд демократиялық одағы» партиясын да күдіктілер қатарына қосты. Бұл ұйымның Түркияда 32 жылдан бері бүлік шығарып келе жатқан, тыйым салынған «Күрдістан жұмысшылар партиясымен» байланысы бар» деп жазады.
Оқиғаға кімдер қатысты?
Тура осы уақытта Түркияның Ыстамбұл қаласында болып, оқиғаны көзімен көрген PhD докторанты Нұрат Ілияс өзі ойын былай жеткізеді («фейсбук» парақшасынан алынды): Кешегі бола жаздаған «төңкерісте» Ердоған және биліктегі партия бұрын болмаған дәрежеде рейтінгін көтерді. Былайша айтқанда, 100 жылға жуық зайырлы қоғамды жақтап келе жатқан әскерилер тұншықтырылған «төңкеріс» те болды. Енді зайырлылықтан шариғатқа жүруге толық жол ашылды. Қоғамның қай бағытқа бара жатқанын сезген боларсыздар. Бұл — менің бейтарап пікірім. Скайп арқылы халықты көшеге шақырғанда бір саусақтарын жоғары көтеріп «Аллаһу акбар», «текбир» дегендер бара жатты жүздері жадырап. Мешіттер де жиі-жиі азан шақырып жатты. Оларға сириялық арабтар да қосылып алып, бөтен елдің ішкі істеріне араласып жүр. Дәл қазір көшеде дабылдатып «Демократия жасасын!», «Аллаһу акбар!», «Текбир!» деп тойлатып жүр. Әлемдік тәжірибеде бар, «текбиршілер» билікке келсе, басқа топтарға толерантты бола алмайды. Және ең сорақысы, халифат пен пәтуаға ғана ұмтылады. Иә, демократия жасасын! Уақыт төреші. Айтқым келгені, зайырлы қоғам бізде Қазақстанда қалай дамып жатыр? Осындай оқиғалардан сабақ алайық дегенім ғой», — деп баға береді. Түркияның ішкі ісіне араласқан сириялықтарды байқаған жалғыз Нұрат емес. Оқиға үстінен түсірілген суреттер қысқа уақыттың ішінде әлеуметтік медианы шарлап кетті. Дәл осы мәселеге байланысты Түркияның кейбір саясаткерлері «Бұл адамдар ма демократияны күзететін? Өтініш, бұлай жасамаңдаршы…» деген сыңайда пікір білдірген.
Осы оқиғаны әлем елдері сынап, жоғарыда айтқандай, халықтың демократиялық таңдауына қол сұқпау керектігін жазып жатқан әлем басылымдарын, Батыс журналистерін ел президенті Режеп Тайып Ердоғанның елдегі жағдай тұрақтала бастағаннан кейін бұл төңкерісті «Алланың сыйы» деп қуанғаны естерінен тандырды.
«Münchner Merkur» газеті «Жетпей тұрған тек Алланың сыйы екен» деген мақаласында: «Енді Түркия оныкі. Ердоған қалағандай, нағыз сұлтан халіне келді. Әскері оның аяғының астында. «Ердоғанның» мемлекеті үшін ең соңғы амалдарының жасалуына Түркияда ешкім қарсылық таныта алмайды. Оппозиция, билікпен пікірлері сәйкес келмейтіндер деп сырт қалады. Ұстау басталды және бұл үдеріс радикал түрде қатаң әрі қанды болады».
«Frankfurter Rundschau» газеті бұл жағдайды «Ердоғанның азаматтық төңкерісі» деп бағалаған. Газет былай жазады: «Ердоғанның «Алланың сыйы» деуі босқа емес. Бұл жағдайды себеп етіп «президенттік басқару жүйесіне» бір табан жақындау мақсатында оппозицияны жолда қалдырып, өзін сынаған адамдардан құтылу мүмкіндігіне қауышты. Бұл Түрік Ата Заңына және ЕО критерийлеріне қарама-қайшы».
«GUARDIAN» газеті «Ердоған бүлікшілерді тұтқындап жатыр. Ал Гүлен төңкерісші деп кінәланып жатыр» деп жазған. Газет Ердоғанның Гүлен және төңкерісті қолдаушыларды түбімен қосып құртамыз деген сөзіне назар аударған.
«FİNANCİAL TİMES» газеті ел президентінің «Алланың сыйы» деген мәлімдемесінен кейін аз ғана уақыттың ішінде бірнеше мың адамның тұтқындалуына зор көңіл бөлген. Тіпті Ердоғанның әскери көмекшісі Али Язижидің тұтқындалуы «әскери төңкерістің» тамыры қаншалықты тереңде
жатқанын аңғартады.
«The Independent»: Түркиядағы мемлекеттік төңкеріс әрекетін ел президенті Режеп Тайып Ердоғанның өзі қасақана жасаған деп жазады. «Кейбір шолушылар бұл төңкерістің Ердоғанға армиядағы қарсыластарын жойып, Түркиядағы билігін күшейту үшін қасақана жасалған болуы мүмкін екендігін айта бастады», — деп көрсеткен.
«The Telegraph» газетінде «Түркияда тағы бір төңкеріс болып жатыр: бұл жолы мемлекет басшысы Режеп Тайып Ердоғанды жақтаушы саясаткерлер оған қарсы адамдарға қарсы саясат жүргізуде» делінген. «Өткен аптада наразы болған офицерлердің мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеті іске аспағанымен, елде жаңа бір төңкеріс жүруде. Бұл кезекте енді Ердоған жақтаушылары өздеріне қарсы оппоненттеріне бағыттап отыр, яғни президенттің ел басқаруын авторитарлық режимге өзгертіп жатыр», — деп жазады мақаланың авторы, қорғаныс және халықаралық қатынастар маманы Кона Кофлин.
Күдіктілер кімдер?
«Әскери төңкерістің» ертеңінде-ақ тұтқындаулар басталып кетті. Жүзге жуық генералдар, адмиралдар, жоғары лауазымды әскери адамдар күдіктілер қатарына жатқызылып, бірден тұтқындау ү ш і н қарар қабылданды. Әлемнің жіті қадағалағаны да, назарға алғаны да «әскери төңкеріске» қатысы бар деп 2735 сот пен прокурорды тұтқынға алу шешімі болатын. Екінші күні-ақ Әділет министрі 6 000 адамның тұтқынға алынатыны жайлы мәлімдеме жасады. Егер Ердоған айтқандай, армияның шағын ғана бөлігі болса, оған мұншама судья мен прокурордың қандай қатысы болуы мүмкін? Бұл сұрақтың жауабын әлі ешкім білмейді. Айналдырған 3-4 күннің ішінде 50 мыңға жуық адам жұмыстан шығарылды, тұтқынға алынды. Әсіресе Білім министрлігі мен Ішкі істер министрлігінен бірнеше мыңға жуық адам бірден жұмыстан шығарылды. 21 мың мұғалімнің дипломы жарамсыз деп танылды. Билікпен пікірі сәйкес келмеген 34 журналистің қызметі тоқтатылды. 17 ақпараттық сайт жабылды. Еуропа Одағының (ЕО) көршілік саясат және сыртқы кеңею істері жөніндегі комиссары Йозаннес Хан көтеріліс әрекетінің ізін ала бере мыңдаған адамның қамауға алынуын алдын ала жоспарланғанын, қамауға алынатындардың тізімінің «дайындалып» қойылғанын айтады.
Түркияның ЕО-ға мүшелік мерзіміне жауапты Й.Хан: «Оқиға біткен бойда соншама адамның тұтқындалуы сол тізімнің әлдеқашан әзірленіп қойылғанын білдірсе керек. Мен бұл жайтқа қатысты өз өкінішімді білдіремін. Қорыққан нәрсеміз басымыздан өтуде», — деген мәлімдеме жасаған.
Түйін: Әлемдік «Sky News», «Guardian», «New York Post», «Financial Times», «New York Times» т.б. секілді басылымдарға сұхбат берген Ф.Гүлен өзіне жабылған жаланың анық-қанығын тексеру үшін халықаралық комиссия құруға шақырды. Әрі халықаралық комиссияның қандай да бір шешіміне разы екенін жеткізді. Демек, Гүлен өзіне сенімді. Ал бұл ұсынысты Түркия қалай қабылдайды? Ол уақыт еншісінде. Жоғарыда айтып өткеніміздей, әлемде әр қилы пікірлер қайшылығын тудырған бұл оқиға жайлы әлі де алуан түрлі ойлар айтылары хақ. Түрік бауырларымыздың өз тұғырында демократиялық қалыбын сақтап, зайырлылық жолмен дамуын қалаймыз. Бұл жерде бір ғана адамның емес, миллиондаған адамның тағдыры жатқандығын бағамдауымыз тиіс.
Бауыржан Карипов,
«Қазақстан-ZAMAN» газеті