Түркияға тәжірибе алмасуға кеткендер елге оралды
Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев өз саласының дамуына үлес қосқан білім, денсаулық және мәдениет салаларының қызметкерлеріне жалпы 110 адамға Түркия Республикасында тәжірибе алмасу үшін жолдама тапсырған болатын. Елге оралған делегация мүшелері Аймақтық коммуникациялар орталығында брифинг өткізді.
Алған әсерлерін журналистермен бөліскен Мәдениет басқармасы басшының орынбасары Асылхан Темірханұлы Стамбул қаласында көне жазбалар кітапханасына барғанын мақтанышпен жеткізді. Онда 11 ғасырдан бері жиналған 200 мыңға жуық қолжазба сақталып тұр. Арасында қазақ жеріне қатысты дүниелер де бар. Келісім барысында Түркия тарапы құнды мәліметтерді бөлісуге дайын екенін жеткізіпті.
Білім басқармасының бөлім басшысы Әлібек Кенжебаевтың айтуынша, Түрік елінде білім беру жүйесі Қазақстандағыдан өзгеше. 18 миллионнан астам оқушысы бар мемлекетте мектептер 12 жылдық, үш буынға бөліп оқытады. Біздегідей бастауыш сыныптары деп бөлінгенімен қалаларда 1-4 сынып оқушылары өз алдына бір мектепте білімін ұштайды. Сол секілді 5-8 сынып шәкірттері мен 8-12 сыныпқа баратындар да бөлек-бөлек білім ұяларында дәріс алады. Оқушылардың білім деңгейлері де бағамен өлшенбейді.
Ал, Денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Айсұлу Дауренбекова Түркиядағы ауруханалардың барлығында хирургиялық оталар жасала бермейтінін айтады. Тіпті кейбірінде бір жылда санаулы ғана ота жасалуы мүмкін. Оның себебі жеке клиникалар көп. Бәсекелестікке жоғары, қызмет көрсету де соған сай дамыған.
Топ жетекшілерінен өзге делегация мүшелері де алған әсерлерімен бөлісті. Олар өз салалалры бойынша түбі бір Түркия мамандарымен тәжірибе алмасуға мүмкіндік сыйлаған облыс әкіміне алғыстарын білдірді. Аталған салалар бойынша байланыс бұдан кейін де жалғасын табатынына сенімді.
Айта кетейік, 14-21 желтоқсан аралығында Стамбул қаласында облыстық медицина саласының 50 қызметкеріне арналған мастер-класстар мен оқыту семинарлары өткізілді. Оқыту Стамбулдың ең үздік клиникалары Okan Üniversitesi Hastanesi, Yeditepe Üniversitesi Hastanesi, Acıbadem Hastanesi базаларында жүргізілді. Семинарлар мен мастер-кластардың негізгі бағыты – жүрек пен қантамыр аурулары, онкологиялық дерттер, ана мен балаға медициналық жәрдем көрсетудің біріктірілген моделін енгізуге бағытталды. Оның ішінде: жіті миокард инфаркті, жіті инсульт және жарақат кезіндегі медициналық көмек көрсету және онкологиялық ауруларды басқаруда, босандыру мен балалар қызметінде медициналық көмек көрсету қамтылды. Сондай-ақ аталған клиникалардың жұмыс менеджментімен, дәрігерлерді дайындау әдісімен таныстыру жүргізілді. Мастер-кластар барысында облыстық дәрігерлер көрсетілген бағыттар бойынша оталар мен манипуляцияларды және науқастарды жүргізу тәртібін үйренді. Оқытудың қорытындысы бойынша барлық мамандар арнайы сертификаттарға ие болды.
Сонымен қатар, білім және мәдениет салаларының қызметкерлері де халықаралық деңгейде тәжірибе алмасып, аса пайдалы мағлұмат алып қайтты. Оның ішінде білім қызметкерлері Стамбул мен Анкара қалаларының мектептері мен бала бақша жұмыстарымен танысты.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі