Түрме реформасына түрен салу қажет

Өткен аптаның айтулы жаңалығының бірі — елордамыз Астана қаласында Бас прокурор Жақып Асановтың төрағалық етуімен өткен Түрме реформасының IV Форумы. Естеріңізге сала кетейік, дәстүрге айналған Түрме реформасы форумының тұсауы кесілген жыл — 2013. Ал сол жолғы, яғни бірінші   халықаралық шараның  тақырыбы, ұмытпасаңыздар, «Түрме орнына пробация және электронды білезік». Әлемдік деңгейде өткен басқосуды ұйымдастырғандардың тізімін атап шықсақ: ЕҚЫҰ, Еуропалық одақтың өкілдігі, Нидерланд елшілігі, Орталық Азияның халықаралық түрме реформасы (PRI) кеңсесі, Германиялық халықаралық құқықтық ынтымақтастық қоры және адам құқықтары жөніндегі халықаралық институттар.

img_6132_1

Азаптау — адамға қарсы жасалатын ең қатыгез, ең аяусыз қылмыс

Ал жалғасын тапқан IV Форум қатысушылары: ҚР Парламенті, ІІМ, Қазақстандағы Еуропалық одақтың, Астанадағы ОБСЕ бағдарламасының кеңсесі, 36 мемлекет елшілігі өкілдері мен түрлі халықаралық ұйымдар. Форумда көп мәселе көтерілді. Басты тақырып — тергеу амалдары барысындағы және оқшаулау орындарындағы азаптауларды жою.

Кезекті шараның дәл осы тақырыпты талқылағандары өте орынды болды дер едік. Өйткені елде осы тұрғыда шешімін күткен түйткілдер жетерлік. Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, күдіктілер мен сотталушылар тарапынан түсіп жатқан шағымарыздардың 700-ге жуығы құқық қорғау органы қызметкерлері көрсеткен зорлық-зомбылыққа байланысты. Ең сорақысы, соңғы бес жылда 140 тәртіп сақшысы осындай қылмысы үшін сотталғандардың санын толықтырған. «Өткен жылы бас бостандығынан айырылғандарды оқшаулау орындарында азаптаудың 1460 фактісі тіркелген. Оның жетеуі жасөспірімге, 31-і әйелдерге қатысты. Сонымен қатар, 2011-2015 жылдар аралығында өз денесіне өзі жарақат салу деректері де күрт өскен» дейді халықаралық түрме реформасы өкілдігінің Орталық Азиядағы аймақтық директоры Азамат Шәмбілов. Әділетсіздіктерден жапа шеккен жаза өтеушілердің басқа амалдары қалмаса керек…

img_6235_0

Ал А.Шәмбілов мұндай «әттеген-айлардың» жиілеуін ҚР ҚАЖ мекемелерінің Әділет министрлігінен ҚР ІІМ-нің еншісіне тигендігімен байланыстырады. Естеріңізге сала кетейік, ҚР ҚАЖ мекемелері 2011 жылы Елбасының тапсырмасымен Әділет министрлігінен ІІМ өткен болатын. Жалпы, яғни тергеу амалдары мен түрмедегі жағдайларды қосып айтқанда бір жылда барлығы 2873 зорлық-зомбылық тіркелген екен. Азамат Шәмбіловтің айтуына қарағанда, түрмелердегі өлім-жітім де азаймай тұр. Мәселен, соңғы 12 жылда еліміздің ҚАЖ мекемелерінде 4062 адам өлген. Сонда орта есеппен жылына 338 адам бақилық болды деген сөз. «Мұндай келеңсіздік — адам құқықтарының өрескел бұзылып жатқандығының белгісі» дейді, сондайақ, халықаралық түрме реформасы өкілдігінің Орталық Азиядағы аймақтық директоры.

Мұны Бас прокурор Жақып Асанов та мойындап отыр. «Түрмелердегі азаптаулармен күреспесек болмайды. img_6187_0Бұл — адамға қарсы жасалатын ең қатыгез, ең аяусыз қылмыс. Кейбір қызметкерлеріміз қолындағы билікті асыра пайдаланып, сотты болған жандарды аяусыз қинап, ұрып-соғады. Арын аяққа басады. Сұмдық қой бұл», — деген Бас прокурор сөз болып отырған жиын барысында бірнеше мысал келтіре кетті. «Қарағандыда Синявин деген азаматты азаптағандары соншалық, ол эпилепсияға ұшырап, салдарынан мүгедек болып қалған. Слекишинаға қатысты оқиға бүкіл құқық қорғау жүйесіне кір келтірді. (Алматыда тергеу абақтысының қызметкерлері 155/18 мекемесінде жазасын өтеп жатқан Н.Слекишина жабылып зорлады деп айыпталған болатын. — авт.) Бұлар тек ашылған қылмыстар. Ал қанша қылмысты біз білмейміз. Кейбір қылмыстар жабулы күйінде қалып жатыр», — дейді ол.

«ҚАЖК басшылығы өз қызметкерлерінің кейбірінің тізгінсіз кетуіне өздері жол беріп отыр» деген прокурор түзеу мекемелерінің осы күнге дейін бейнекамералармен жабдықталмай отырғандығын қатты сынға алды және түрмеде отырғандардың құқықтары бұзылмас үшін барлық мекемелерге, тіпті қуыс-қуысына дейін бейнекамералар орнатуға ұсыныс жасады. «Соншалықты қымбатқа түспейтін жабдықтар — оқшаулау орындарындағы азаптауларды болдырмаудың бір амалы» деп атап өтті Бас прокурор.

Қылмысқа барған тәртіп сақшыларының 2015 жылы тек біреуі ғана жазаға тартылса, өткен жылы 4 қылмыстық іске байланысты 12 қызметкер кінәлі деп табылған. Бұдан шығатын қорытынды, Ж.Асанов айтпақшы, мойнына адам қанын жүктеген ІІМ қызметкерлерінің барлығы бірдей әшкере бола бермейді. Иә, «қарға қарғаның көзін шұқысын ба»…

img_6164_0

Дәрігерлер салғырттығының зардабы ауыр

Тағы бір түйінді түйткіл, ҚР ҚАЖК мәліметтерін алға тартсақ, 2012-2015 жылдар аралығында шамамен жыл сайын 40 суицид тіркеліп отырған. 2014 жылы бұрынғы бас прокурор Асқат Дауылбаев ҚАЖ мекемелеріндегі өлімжітімнің 1,5 есеге артқандығын ашық айтып, дабыл қаққан болатын. Сол кезде аталған ведомство басшысы қайғылы оқиғалардың көбеюіне негізгі себеп оқшаулау орындарындағы бақылаудың жоқтығы мен медицина қызметкерлері мен мекеме әкімшілігінің жауапсыздығы деп атап өткен болатын. Негізі пенитенциарлы жүйедегі медициналық керек-жараққа жыл сайын бюджеттен 500 миллионнан артық ақша бөлінеді екен. Демек, сотталғандардың денсаулығына үкімет бей-жай қарап отырған жоқ. Алайда темір тордың арғы жағында не болып жатқаны бір Аллаға аян. «Түрмедегі дәрігерлер жұмысына салғырт қарайды, бөлінген қаржы дұрыс игерілмейді» десек, қате айтқандық емес. ҚАЖ мекемелерін қаржыландыру мәселесіне келсек, 2000 жылдардың басында 7 млрд. теңге бөлінсе, қазір ол шамамен 47 млрд. теңгені құрайды. Былайша айтқанда, әрбір сотталушыға жылына 800 мың теңге қарастырылған. Ескерте кетейік, бұған қызметкерлердің жалақысы, олардың тамақтары, заттай қажеттіліктері мен коммуналдық қызмет ақылары да кіреді. Егер осы қаржы мақсатымен жұмсалса игі, әрине. Бірақ күмәніміз бар.

%d1%82%d2%af%d1%80%d0%bc%d0%b5

10 мың теңге үшін 10 мың күн

Бүгінгі таңда елімізде 75 колония мен 18 тергеу изоляторы, 178 уақытша ұстау изоляторы және әкімшілік қамау жазасына кесілген адамдар үшін 28 арнайы қабылдау мекемесі бар. Соңғы екі жылда ҚАЖ-дың жеті мекемесін жабу арқылы еліміз бір жылда 12 млрд. теңгені үнемдепті. Сотталғандардың саны 36 мыңға жуық. Шамамен айтсақ, олардың 90 пайызы ауыр және аса ауыр қылмыстары үшін, 27 пайызы адам өлтіргендері үшін, 24 пайызы ұрлық-қарлығы үшін, 10 пайызы дене жарақатын салғандары үшін, 18 пайызы есірткі таратқандары үшін, 8 пайызы адам зорлағандары үшін, 7 пайызы коррупциялық қылмыстары үшін және 6 пайызы түрлі қылмыстары үшін сотталғандар. Көпшілік білер, Қазақстанда сотталғандар санын азайтуға айрықша көңіл бөлініп отыр. Қылмыстық заңнаманы ізгілендіру, салада реформа жүргізу — уақыт талабы. Осы мақсатта халықаралық рейтингте Қазақстан 33-орыннан 68-орынға көтеріліппіз. Дей тұрғанымен, 17 миллион халқы бар ел үшін бұл анау айтқандай мақтанарлық көрсеткіш емес әлі. Ізгілендіру саясаты бұдан да кеңірек қолданып, «Медиация туралы» Заңның үстемдігін қамтамасыз ету керек деп ойлаймыз. Жазаның балама түрлерін пайдаланудың да ауқымын мейлінше арттыру қажет сияқты. Мынандай парадокс: Солтүстік Қазақстан облысында бір әйел он мың теңгенің затын ұрлағаны үшін 3 жылға сотталса, оған бөлінген қаржы көлемі — 1 млн. 700 мың теңге.

Барақтан қашан құтыламыз?

Қазір пенитенциарлы жүйені мемлекеттікжекеменшік серіктестікке өткізу мәселесі қызу талқылануда. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Ұлт жоспарында ұсынған қадамдардың бірі де осы, яғни мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің даму шеңберінде пенитенциарлы инфрақұрылымды жаңғырту. Еліміздегі түзету мекемелерінің барлығы дерлік өткен ғасырдың 30-70 жылдарында салынған 50-60 адамнан орналасқан барақ тектес мекемелер. Ұжымдық, жасақтық-барақтық режимді камералық режиммен алмастыру — пенитенциарлы жүйенің саясатын жаңғыртудың бір қадамы. Ең маңыздысы, камералық үлгі — сотталғандар арасындағы қатаң тәртіптің сақталуының бірден-бір кепілі. Алайда бір түрме салу үшін мемлекет есебінен 18 млрд теңгеге жуық қаржы қажет екен. Егер бұл саланы мемлекеттік-жекеменшік серіктестікке өткізсе, ел бюджетінің қомақты қаржыны үнемдей алатыны сөзсіз. Әлбетте, мейлі шалыс басып, қылмыскер атанса да, олардың жазаларын халықаралық стандарттарға сай жабдықталған колонияларда өтеуін құптаймыз. Пенитенциарлы жүйедегі мұндай реформалар сотталған жандардың өміріне, олардың түзелуі мен қайта тәрбиеленуіне оң әсерін тигізері анық.

img_6206_0

Рас болса…
Түрмеден шыққан жандардың азаматтық қоғамға бейімделуінің қиын екендігін алға тартқан ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжановтың айтуынша, былтыр 1234 азамат жұмысқа орналастырылыпты. Олардың қайта темір торға қамалмауына біздің елде бірқатар игі шаралар қолға алынып жатқан көрінеді. «Біріншіден, әлемдік талаптарға сәйкес 4 пробацияның түрін әзірледік. Оның бірінде түрмеде отырған азаматтың бостандыққа шыққан кезде білімі, мамандығы болуы керек деген талап қойылған, яғни оларды қоғамға бейімдеу керек. Мысалы, 257 кәсіпкер түрмеде өз кәсібін жүргізуде. 3000 сотталушыны жұмыспен қамтыдық, былайша айтқанда, бас бостандығынан айырылғандардың 68 пайызы», — дейді Марат Ахметжанов. Сондай-ақ, ол сотталғандардың жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, өз бизнесін бастап жатқандығын атап өтті.

Айта кетейік, түрмеде отырған азаматтар да жеке кәсіпкер ретінде тіркеле алады екен. Қазіргі таңда 56 адам жеке кәсібін ашты. Олар өз өнімдерін сатуда. Тапсырыстары да бар көрінеді. Рас болса деп отырғанымыз осы.

ЛӘЗЗАТ БИЛАН