Турнир

Бүгін «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының ұйымдастыруымен «Берікқара» демалыс лагерінде мектеп оқушылары арасында шағын футболдан турнир өтті.

Оның негізгі мақсаты – ауыл жастарының арасында салауатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ кәсіпкерлер мен меценаттарды осы іспеттес қоғамдық бастамаларға және ауылдағы спорттық инфрақұрылымдардың жақсаруына сеп болуға үгіттеу.
Турнирге жазғы демалыс лагерінде демалып жатқан оқушылардан құралған 10-нан аса команда қатысты. Ашылу салтанатында «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Төлеутай Рахымбеков пен партия атынан сайланған мәслихат депутаттары қатысты. Жеңімпаз командаларға бағалы сыйлықтар мен арнайы марапаттар ұсынылды.

Сонымен қатар, мәслихат депутаттары, партия өкілдері Билікөл ауылдық округі, Қарабастау мәдениет үйінде ауыл тұрғындарымен кездесіп, Қ.Қошмамбетов мектебінің жағдайымен танысты.
«Ауыл» партиясының «Жаңа Қазақстанға жаңа ауыл» жобасы 2022 жылдың мамыр айында басталған еді. Жыл соңына дейін созылатын кешенді шаралар партия мүшелерінің, депутаттары мен меценаттарының арнайы жобаларын ұйымдастыруды көздейді және республиканың барлық аймақтарында ұйымдастырылатын болады. Оның басты мақсаты – ауылды аймақтарды дамытудың тың моделдерін іске асырып, мемлекет басшысының ауыл тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын жақсарту бойынша жасаған бастамаларына партия тарапынан үн қосып, қолдау көрсету.

Жуалы ауданы