Түс – Алланың берген хикметі
Ұйқыдағы адамның шытырман оқиғалардың ортасында жүруі жиі кездесетін құбылыс екендігі баршаға мәлім. Алайда түс көру — адам баласын атамзаманнан бері қызықтырып келген, әлі де қызықтыратын, бірақ жұмбағы осы күнге дейін ашылмаған тылсым дүниелердің бірі. Өйткені түс — Алланың берген бір хикметі. Дей тұрғанмен, жазушы, фольклортанушы, түсті өзінше зерттеп жүрген «Түс жору» кітабының авторы Болат Бопайұлы Жотақажыдан осы бір тылсым дүниеге қатысты бірқатар сауалдарымызға жауап беруін сұрадық.
— Түстің адам өміріндегі маңыздылығы қанша?
— Аса зор дер едім. Түс — ғайыптан көрінген аян. Түс — адам өмірінің рухани бөлігі десек, адам — сол руханияттың иесі. Түс — үлкен бір кеңістік сияқты хикмет нәрсе. Түстің адам өмірінің тіршілігіне, тұрмысына, ішкі жан-дүниесіне айтарлықтай әсері бар. Оған мән бермеуге, елеп-ескермеуге болмайды. Негізі, түс — адам адам болып жаралғаннан бері келе жатқан тылсым дүние. Жаратқан адамға есту, көру, дәм, иіс сезу, түйсікпен қабылдау тәрізді қабілеттерімен қатар әсерлену, қиялдау, есте сақтау, елестету ерекшеліктерін де сыйлаған. Ғалымдардың айтуына қарағанда, адам өмірінің 30 пайызын ұйқымен өткізеді және осы уақыттың 25 пайызында түс көреді екен. Түстің табиғатына біржақты қарауға болмайды. Түс сапасы жағынан ғана емес, маңыздылығы мен атқарар рөлі жағынан да әрқилы болып келеді.
Түс жору — қазақ халқының ұлы мәдениет тарихында өте ертеден басталып, күні бүгінге дейін жалғасын тапқан тамаша ғұрыптарының бірі. Білетін боларсыздар, 30 пара Құранның бір парасы Жүсіп пайғамбардың түс жоруымен баяндалады. Жүсіп зынданда отырғанда Алла Тағала оған түс жоруды нәсіп еткен, яғни түс жору салты сонау пайғамбарлар заманынан жалғасып келіп, Жүсіп пайғамбардың «Түс жору» кітабынан бастау алады. Жүсіп — халықты Алланың адал жолына уағыздаған даңқты пайғамбарлардың бірі. Оны бір әйелдің жала жабуымен сол замандағы патша зынданға тастап жазалайды. Алланың әмірімен бір күні патша түс көрді. Ол жайсыз түс көріп, ертесінде ордасына еліндегі бүкіл түс жорушылар мен жұлдызшыларды, басқа да әулиелерді алдырып, көрген түсін баяндайды. «Түсімде жеті көтерем арық сиыр, жеті қоңды сиырды жеп жатыр екен. Әрі жеті тал өніп көгеріп тұрған бидайды көрдім. Оның ар жағына қарасам, сарғайып қурап қалған жеті бидай масағы жатыр екен», — дейді патша. Жиналған түс жорушылар бұл түстің байыбына бара алмай бастары қатады. Бұл — патшаның түсі. Дұрыс жорымаса, бастары кететіндерін біледі. Сол себепті түсті жоруға ешкімнің батылы бармайды. Осы кезде бір уәзірдің есіне Жүсіп түседі.
— Жүсіп тірі болса өзін, өлі болса сүйегін әкеліңдер, — деп бұйырады патша. Жүсіп сонда түсті былай деп жориды:
— Еліңізде қатарынан жеті жыл жақсы болады екен. Осы мезгілде жерлеріңіз құнарланып, дақылдарыңыз бітік шығады. Молшылыққа тап боласыздар. Дәулеттеріңіз де судай тасып, бақуатты ғұмыр кешесіздер. Бірақ соның артынан үздіксіз жеті жыл қуаңшылық болады. Сол кезде жауынсыз бұлт жөңкіп, құрғақ найзағай ойнайды. Ніл өзені де бұзылады. Байтақ өңір құлазып, егіс атыздары тақырға айналады. Оның артынан тағы да молшылық жыл туады. Жағдайларыңыз оңалады, жамандық жоғалады. Елдеріңіз қайтадан ес жияды. Адам алдаса алдар, ал қара жер алдамайды. Не ексеңіз, соны молайтып береді. Жер жомарт. Сондықтан алдыңғы жеті жылдағы мол алған өнімдеріңізді үнемдеп, соның артынан келе жатқан жеті жылғы құрғақшылыққа жеткізсеңіздер, өзіңіз де, халқыңыз да аман қалады, — дейді. Жүсіптің түсті дұрыс жорығанынан халық ашаршылықтан аман қалған. Сол заманнан жалғасып, қолдан-қолға өтіп, ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, ел арасында құнын жоймай күні бүгінге дейін сақталып жеткен кітаптың бірі — Жүсіп пайғамбардың «Түс жору» кітабы. Қазақ дәстүрлі қоғамда да түс көруге бей-жай қарамаған, мән беріп, мағынасын жорығанын ауыз әдебиеті мұраларынан, ырымдар мен жоралардан көруге болады. Рухани адамға аян берілетіні, ғайыптан болашақтан хабар келетіні жайлы көптеген аңыз әңгімелер де бар. Түс көру мен оны жору дінімізге жат емес, адамның рухани өміріндегі, психологикалық халіндегі маңызды құбылыс.
— Түстің ерекшеліктері жайында айтып берсеңіз.
— Қазақ халқының түс жоруының өзіндік ерекшеліктері бар. Былайша айтқанда, бейнелік белгісі, бағыт-бағдары, мезгілдік мерзімі, мекендік тұрақтылығы, жатыптұру оңтайлығы, тазалық реттілігі, иман келтіру сынды рухани көңіл күйлігі бар. Ренжу, қуану сынды жағымды-жағымсыз жағы тағы бар. Осының бәрін ескере отырып, бұрынғы қариялар түсті қалт жібермей, қателеспей жори білген. Қай мезгілде, қандай көңіл күйде және төсекте қалай жатып көрдің түсті? Ата-бабаларымыз «тоқсан тоғыз түсті» айнытпай жорыса керек. Қазақ «белгілеріне қарай түс жеті сағатта, жеті аптада, жеті айда не жеті жылда өңіне айналып, көрініс береді» дейді. Дәлірек айтсақ, ұйықтар алдында Алланы есіңе алып, тәубе келтіріп, таза жерде оң жамбасыңмен жатып, таң алдында көрген түсің жеті сағат немесе жеті күнде келуі мүмкін деп жатады. Ал түн ортасында көрген түстің орындалатын мезгілі жеті апта, не жеті ай деп сенеді. Жата салысымен көрген түсің жеті ай, не жеті жылда белгісін береді деген де сөз бар. Жалпы алғанда, қазақ түсті алдағы күндерде кездесетін іс-әрекеттің болжамы деп біледі. Тағы бір айтарым, көрген түсіңді ұмытып қалсаң, «есімде қалмаған түсімді Алланың өзі жақсылыққа жориды» деп, оған алаң болмаған абзал. Адам түнде ұйықтап жатқанда да рухани жақтан өмір сүріп, ғұмыр кешіп жатады. Егер жақсы түс көрсең, ғұмырың бір жасқа ұзарады деп ойлаған атам қазақ.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) «Егер түстеріңде мені көрсеңдер, онда мені анық көргендерің. Өйткені, шайтан менің кейпіме кіре алмайды, басқаның барлығының кейпіне кіре алады» депті. Адамның түсіне жын албасты т.б. үрейлі нәрселер кірсе, оны «шайтани түс» деп, алдағы келе жатқан қауіп-қатерден сақтанатыны содан. Құрбандыққа мал шалып, иман келтіреді. Аллаға жалбарынып, тәубе етеді. «Шайтанды түсіме кіргізе көрме» деп тілейді. Мүсәпірлерге садақа беріп жатады. Қазақ қандай түс көрсін мейлі, оны жақсылыққа жориды. Түстің жақсылыққа айналуы көрушіден емес, жорушысынан деп бекер айтылмаған. Шынымен де солай. Түнде көрген түсің таң алдында қыл көпірдің үстінде, ұстараның жүзінде тұрады дейді. Бассыз көлік сияқты. Түс жорушы сол жаңағы бассыз көлікке ноқта, жүген не жіп байлап қалай жіберсе, солай кетеді. Немесе суағардағы су сияқты, суды қалай бұрып ағызсаң, солай ағады. Қазақ халқы көрген түсінің жағымдыжағымсыздығына қарай екіге айырып жориды. Жағымды түсті «имани түс», жағымсыз түсті «шайтани түс» деп атайды. Мен бақсы да, балгер де, көріпкел де, әулие де, жұлдызшы да емеспін, қазақ халқының салт-дәстүрлерін, әдетғұрыптарын, ырымдарын, наным-сенімдерін, түс аяндарын зерттеп жүрген жанның бірімін.
— Өзге халықтардың түс жорулары бір-бірімен сәйкес келе ме, әлде діні мен діліне қарай өзгеше бола ма?
— Түс — жұмыр басты пенденің бәріне ортақ тылсым дүние. Адамдардың жаны, тәні, тұтас болмысы бірдей. Адам ата мен Хауа анадан тараған адамның басқа атауы жоқ. Түс көру және түс жору күллі адам баласына ортақ құбылыс, ортақ қасиет. Тек әр ұлттың өз ерекшелегіне, наным-сеніміне, қалыптасқан психологиясы мен дәстүріне тән түс жору дағдысы бар. Адамзат баласының барлығы түс көреді. Түс — үлкен шығарма. Ол таусылмайды, түгесілмейді. Жер бетінде жеті миллиард адам болса, соның барлығы түс көреді, яғни бір-бірінен бәлендей ерекшелігі жоқ.
— Кейбір адамдар негізінен аяни түс көреді. Ал кейбіреулер тіпті көрген түсін ұмытып та қалады. Көрген түсі шындыққа айналатын адамдардың басқалардан айырмашылығы неде?
— Шариғатта «уахи» сөзі «аян беру» деген мағынаны білдіреді. Бұл — Алла Тағаланың Өз пайғамбарларына, Өзі жеткізуді қалаған, тікелей яки періштелер арқылы, шариғаттан немесе кітаптан жіберген хабары. Уахи арнайы ғылым саналады. Жақсы түстерді тек шыншыл, харамнан тыйылушы, Алла бұйрықтарын орындаушы, ұйқыға дәрет алып, Аллаға зікір айтып жатқан адамдар ғана көре алады. Хадисте «Ең шыншыл түстерді араларыңдағы шыншылдарың көретін болады» делінген. Және тағы бір хадисте ақырзаман жақындағанда иманды, амалдары құран-сүннетке қайшы келмейтін ізгі адамдар шыншыл түстер көретіндігі және ол пайғамбарлықтың қырық алты белгісінің біріне жататыны айтылады. Дегенмен, бұл шыншыл түстердің жүз пайыз орындалатындығын әрі оған арқа сүйеуге болады дегенді білдірмейді. Осыны ескерген жөн.
Әрбір адамның бойында Алла берген бір қасиеті болады. Біреу әнші, біреу биші, біреу бесаспап аспазшы т.т. Сол сияқты кейбір жандарда аяни түс көре білу ерекшелігінің болатыны рас. Былайша айтқанда, Алланың қалауымен берілетін даралық. Рухани жетілудің бір белгісі бұл.
— Енді тұрақты оқырмандарымыздың бірнеше сауалдарына жауап беруіңізді өтінеміз.
— Назарым сіздерде.
Гүлғайша Орманова, Алматы қаласы: — Сәлеметсіз бе, Болат Бопайұлы. Менің үлкен қызым тұрмыста. Ұлы бар. Күйеуімен тату-тәтті ғұмыр кешуде. Ал мен бір емес, бірнеше рет түсімде сол қызымның күйеуге тиіп жатқанын, үйлену тойын жасап жатқанын көрдім. Тіпті бір-біріне ұқсас осы түсті өте жиі көремін десем, өтірік айтқандық емес. Бұл ненің белгісі?
Болат Бопайұлы: — Анығын Алла біледі. Сіз қызыңызды аса қатты жақсы көреді екенсіз. Бұл түс — жақсылықтың нышаны. Қызыңыздың ұрпағы көбейіп, ісі алға басып, денсаулығы жақсара түспек.
Талғат Дүйсебаев, Алматы қаласы:— Түсімде қайтыс болған анам көп шақырады. Ал мен оған келемін деп уәде беремін. Шынымды айтсам, қорқып та жүрмін.
Болат Бопайұлы: — Анаңыз Құран дәметіп жүр. Қайтқан, бақиға кеткен адамға мінгізетін атың да, кигізетін шапаның да, беретін сәлемің де, істейтін жақсылығың да, қамқорлығың да Құран. Адам ұйықтап жатқанда не тірі емес, не өлі емес, барзақ әлемінде жатады. Ауырғанда да дәл солай екі ортада жүреді. Бәлкім, сіз науқастанып қалған шығарсыз? Анаңыз сіздің айығып кетуіңізге тілектес. Қандай болған күнде де садақа бергеніңіз жөн.
Сәлима Ермекова, Алматы қаласы: — Саулығыңызды тілеймін. Мен бұл түсті осыдан 15 жылдай бұрын көргенмін. Бірақ кеше ғана көрген сияқтымын осы түсті. Ненің белгісі екендігін білуге деген ынтызарлығым бір басылған емес. Пештің жанында отыр екенмін. Көзіме көрінбейтін бір бейне маған доғал келген қайрақ лақтырыпты. Мен ол бейнені түсімде Жаратқанның өзі деп қабылдадым. Қайрақ жәймен белімді үш айналып келіп, аяғыма қойылыпты. Сөйтсем, күйеуім әлгіні жұлып алып, «не болса, соны ұстап» деп жанып тұрған отқа лақтырып жіберіпті. Ал мен «мұның не? Оны маған Құдай берді» деп қайрақты оттан алып, тазалап, қайта тіземе қойыппын. Бірақ қолым күймейді.
Болат Бопайұлы: — Тастың беліңізді үш рет айналғаны — Жаратқанның сізді қорғап, қолдап жүргені. Қуат бергені. Күйеуіңіздің тарапынан біраз қиындықтар көрген сияқтысыз. Оның тасты отқа лақтырғаны — соның белгісі. Алайда тасты оттан қайтып алғаныңыз — бар қиындықтың артта қалатындығы. Барлық лас дүниені от пен су тазартады ғой. Сол сияқты отқа түскен тас сіздің мына дүниеде қиындыққа тап болып, артынша жағдайыңыздың жақсаратындығынан хабар берсе керек. Бұл дүниеде күйген адам о дүниеде күймейді. Күйеуіңіз екеуіңіздің араларыңыздағы сый-құрмет, сүйіспеншілік артып, бақытты өмір сүресіздер.
Қуандық Бәкір, Алматы қаласы: — Қабырғаға қаратып алақанымды ашқан күйі жәймен сермеп қалсам, әрбір саусағымнан, яғни бес саусағымның ұштарынан жап-жасыл әдемі сәулелер шығып, қабырғаны жап-жасыл ғып жіберіпті. Бұл нені білдіреді?
Болат Бопайұлы: — Қабырға — тарих. Сіздің тарихта еңбегіңізге қарай атыңыз сақталады, яғни ұлы еңбегіңіз елеусіз қалмайды. Алла соны нәсіп етсін. Әумин. Тек таза жүріп, адал болыңыз.
— Уақыт бөлгеніңізге рақмет!
Дәстүрлі діннің түс жоруға көзқарасы қандай?
Алланың құлдарына нәсіп еткен көп сыйларының бірі — шынайы түс, яғни Алла Тағала тарапынан не сүйінші, не ескерту бабында көрініс табады. Бұл түстер — болашаққа түскен сәулелер. Расул (ғ.с.с.) Пайғамбарлығының бастапқы кезеңінде шынайы түстер алты айдай жалғасқан еді. Пайғамбарымыз хадисінде: «Уақыт жақындаған сайын мүминнің түсі еш жалған болмайды. (Көрінгеніндей іске асады.) Мүминнің (шынайы) түсі — пайғамбарлықтың қырық алты бөлігінің біреуі. Пайғамбарлыққа жататын ешбір нәрсе жалған болмайды», — деген. (Бухари, Таьбир, 26; Муслим, Рүя, 6) Шынайы түстер лайықты адам тарапынан жоруын қажет етеді. Түс ғайып ақиқаттарды білу жолдарының бірі болып саналады. Пайғамбарымыз таң намазынан кейін, кейде сахабаларының көрген түстерін тыңдап, жоритын. Болашаққа байланысты түстен көрініс тапқан істерді түсіндіретін. Расында, көрген немесе көрсетілген түске амал етілмейді. Түстер жорылғаннан кейін, жақсылыққа амал етіледі. Дұрыстыққа жорылып болған жағдайда амал етудің үлкен сауабы бар.
Пайғамбарымыздың хадисінде: «Түс алғашқы жорушының айтуы бойынша жарыққа шығады», — деген. Түсті жори алмайтын адамдарға айтпаған жөн. «Алғашқы жору маңызды. Кейінгілердікі жарамсыз», — деген ғұламалар.
Атам қазақтың мақалында «Адамның түсі оңбаса, ісі оңбайды» деген. Сондықтан шариғатта бұйырылған амалдарды шынайы орындап, жақсы салихалы амалымыз арқылы шынайы түс көруімізді Жаратушы нәсіп етсін!
Балғабек Мырзаев, дінтанушы
ТАҚЫРЫПҚА ТҰЗДЫҚ: «Астымда Жалынқұйрық жүйрігім бар. Сарыарқада серуендеп келе жатыр едім. Алдымнан бір арыстан тұра қашты, қуып жетіп, алдаспаныммен ішін жарып жіберіп едім, арыстанның ішінен бір жолбарыс шықты да тұра жөнелді. Жолбарысты да қуып жетіп, аш бауырынан орып жіберіп едім, ішінен бір көкжал қасқыр шыға келді де, тұра қашты. Көкжал қасқырды да қуып жетіп, ішін тіліп жібергенімде, одан бір қызыл түлкі ата жөнелді. Қызыл түлкіні де қуып жетіп, қарнын осып қалғанымда, ішінен құрт-құмырсқа, бақа-шаян, жыланкесіртке ақтарыла түсті… Бірақ бұлар менен қашпады, бәрі быжынай келіп, атымның сауырына, жалына жабыса бастады. Шошынғанымнан айқайлап жіберіп, оянып кеттім. Жоруын айтшы осы түсімнің, жырауым», — депті Абылай хан. Сонда Бұқар жырау былай деп жорыған екен: «Жалынқұйрыққа мінгенің — хан тағына мінгенің. Ал алдыңнан арыстан қашса, сенен арыстандай айбарлы ұл туады екен. Одан туған бала да жолбарыстай қайратты, жүректі болады екен. Жолбарыстан туған шөберең де көкжал қасқырдай жүректі жаратылады екен. Ал көкжал қасқырдың баласы, төртінші ұрпағың, қызыл түлкідей заманына қарай қу, тәсілқой келеді екен. Ал қызыл түлкіден әрі қарай тараған тұқымың бақа-шаян, құрт-құмырсқа, жылан-кесіртке секілденіп уақтанып кетеді екен», — депті.
* «Қандай күштің әсері екенін кім білсін, мен үшін жас кезімнен түстің алатын орны ерекше. Бұдан 20-15 жыл бұрын жазылып қойған кейбір түс мазмұндарынан қазір айрықша белгі аңғарамын», — дейді жазушы Мағира Қожахметова.
* Орыс химигі Д.И.Менделеев өзін әлемге танымал еткен химиялық элементтердің периодтық жүйесін түсінде көріп, қағазға түсірген.
* Неміс химигі Ф.А.Кекуле бензолдың құрылымдық формуласын да түсінде көріп, соны ертеңіне қағазға жазған ғалым.
* Американдық инженер Элиас Хоу тігін машинасын түсінің көмегімен ойлап тапқан.
* Жазушы Ф.Д.Достоевский «Жасөспірім» («Подросток») атты романының негізгі сюжетін түсінде көрген. Көрнекті орыс ақын-жазушылары А.С.Пушкиннің, В.Маяковскийдің, А.А.Феттің шығармашылығында да түс көру, соңынан оларды жырға қосып, поэмаға айналдыру ерекше орын алған.
* ХVІІ ғасырда өмір сүрген итальян сазгері Джузеппе Тартини түсінде скрипкада ойнап отырған шайтанды көреді. Шошып оянған сазгер скрипканы қолына алып, құлағында қалған әуенді қайталап шығып, нотасын қағазға түсіреді. Бұл оның өміріндегі ең үздік шығармаларының қатарына қосылады.
Дайындаған ЛӘЗЗАТ БИЛАН