ТҮС (фельетон)
Жайдары жаздың жайма шуақ күндерінің бірі. Атыраудан адаспай табуға болатын Вокзал маңында тіршілік қайнап жатыр. Ол жақта бетоннан салынған үйлер көп. Соның бірінде менің өз пәтерім, кең сарайлы боз үйім бар. Бүгін дәлізден шыға бере «ғажайып» көріністерге куә болдым…
Әншейінде қоқысын кез келген жерге тастап жүре беретін көршіміз оны жәшікке апарып салып жатыр. О, ғажап! Жолға шығып, аялдамада «екіні» күттім. Бұл сағат тілі емес, қаланың қос шетін жалғаған қоғамдық көлік. Ауа болса жұтындырар емес. «Мұнайлы астана» дегенімізбен, қазыналы өлкенің сырты бүтін де, іші түтін. Айтқым келгені, сырты «жұмақ» — таза ауа, іші «тозақ» — пайдаланылған газдар.
Қайдан екені белгісіз, әйтеуір, тәй-тәй басқан балапан қазға ұқсап «екінші» сары автобус та сайтандай сап ете қалды. Көлік ішінде бос орындар болса да, жастар қаққан қазықтай қақшиып тұр екен. Бос тұрған жоқ, қолдарында Фариза мен Жұмекеннің жыр жинақтары, көздерін кітаптан бір алмайды. Ертелі-кеш құлаққаптарын тығындап алып, ештеңені елемейтін олардың бұл қылығына таңқалмай көріңіз!
Мен бос орындардың біріне қонжия кеттім. Әріден соң шыдай алмай: «Орын бар ғой, отырсаңшы», — дедім өзімдей біреуіне. «Үлкендер келсе отырады, ештеңе етпес», — деді ол. Әдетте анасындай адамға орын бермей, жалпағынан жайғаса кететін бұларға бірдеңе көрінген ғой, сірә!
Ем іздеп емханаға барғанымда тағы бір қызыққа куә болдым. Құс асыраған жандар жақсы біледі, жұмыртқа алмақшы болып тауықтың қорасына кіргенде, әлгілер «тағы келдің бе?» дегендей жақтырмай қарап тұрушы еді ғой. Дәл сол сияқты, әншейінде кабинетіне кірмей жатып «не керек?» деп гүр ете түсетін дөкей дәрігер бұл жолы амандығымды біліп, бойжеткендей сызылып қалыпты. Халаты ақ болғанымен, артына жасырған жаны қандай екені белгісіз ғой бұның. «Жайшылық па?» деген сұрақтың аузымнан қалай шығып кеткенін де аңғармай қалдым. Сонда ол менің қолдарымды аялы алақанына алып: «Сізді соңғы үлгідегі технологиямен толық тексеріп, қажетті дәрі-дәрмек жазып беремін, олар дәріханада тегін беріледі. Қобалжымаңыз, аурудан тез-ақ айығып кетесіз», — деп күлімсірей қарады.
«Тегін дәрі» дей ме, бұл не деген батпан құйрық?! Дәріханаға келгенде, өзімді құдды бір ертегі әлемінде жүргендей сезіндім. Ал дәріханашы болса: «Құбыжық көргендей қатып қалыпсыз ғой, керегіңізді айтыңыз. Дәрі үшін дәнеңе де төлемейсіз», — деп қарап тұр. Не дейді мынау? Ашық аспан астында түнеп қалғаннан сау ма өзі? «О, Құдайдың әмірі…» — деп іштей күбірлеп қана қойдым.
Үйге келсем, дәліз алдында балалар асық ойнап жүр. Е-е, азаннан кешке дейін интернетпен итәлек болатын жүгірмектер асықты қайдан тапқан? Болмаса, ғаламтор байланысы үзіліп қалды ма? Есікті аша салысымен анам жер-көкке сыймай: «Біз көп ұзамай үш бөлмелі үйге көшуіміз мүмкін. Үкімет жас отбасыларға тегін баспана беру жөнінде заң шығарыпты», — деген қуанышымен бөлісті. Апырай, бәріне бірдей не болған өзі? Санамды сан ой торлады. Самайдан салқын тер сорғалады.
Содан ауладағы орындықтардың біріне отыра кеттім. Айналама қарасам, жайқалған жасыл желек пен гүлдің небір түрлері отырғызылған. Мұны қалай байқамай жүргенмін? Қабырғасы қирап жататын орындықтар бұл жолы сырланған, әдемі көрініс көздің жауын алады. Ал дәліздің қабырғасына бұрынғы балағат сөздер мен ұятсыз суреттердің орнына Абайдың қара сөздері жазылыпты.
Осылайша ойға шомып тұрғанымда, емізігін жоғалтып алған бөбектей шыр еткен оятқыштың ащы үні естілді. Сөйтсем, көргенімнің бәрі түс екен. Жағдайымды сұраған анашыма: «Түсімде болмайтын нәрселерді көрдім. Онда жұмыссызға жұмыс, үйсізге үй беріліп жатыр», — деп күбірледім. «Ендеше, түстерің өмірде де жалғасын тапсын», — деген анамның тілегіне мен де қосыла кеттім.
«Заманың түлкі болса, тазы болып шал» демекші, қоғам құбылмай тұрмайды. Оның қасында, қарапайым судың өзі бір орында жиналып, тұрып қалса, иістеніп кетпей ме? Біз кейде өзімізді «заманына қарай адамы» деп ақтап алып жатамыз. Бірақ қанша уақыт, қандай қиындық өтсе де, адамзат баласы адамгершілік, достық, махаббат секілді ізгі қасиеттерден ажырамауы керек. Сонда ғана өсу, өрлеу, өркендеу болады. Ендеше, жүректен жүрекке жетер мейірім сәулесі сөнбегей деп тілейік.
Мөлдір Балтабекқызы,
Атырау қаласы