Тұсаукесер

Қазақ елінде сәби қаз тұрғаннан кейін тез жүріп кетсін деген ниетпен орындалатын ғұрыпты «Тұсаукесер» деп атайды.

Қазақ дәстүріне сай бала еңбектегенін қойып, қаз тұра бастаған шағында оның тұсауын кесу әр ата-ананың борышы болып есептелген. Сондықтан алыс-жақын туысты, ауыл-аймақты шақырып, мол дастархан жайып, ақсақалдардың батасын алып баланың тұсауын кеседі.
Қазақтың сенім-нанымы бойынша, баланың тұсауын кесетін адам жайбасар, ынжық болмағаны дұрыс деп есептейді. Ал керісінше баланың тұсауын жүріс-тұрысы ширақ, әділ, ел ардақтысы, ел қамында жүрген адам кессе, онда сол адамға ұқсап бағады деп сенім білдірген.

Дәстүр бойынша, баланың тұсауы тоқ ішек, ала жіп және көк шөппен кесіледі. Тоқ ішек -тоқтықтың, молшылықтың, дәулеттің мағынасын меңзеген. Оның үстіне бұл жоралғы тұсаукесерде баланың тілеуін тіліп, арнайы сойылған малдың ішегінен ғана кесіледі.

Ала жіппен кесу – бұл өзгенің ала жібін аттамасын, адал болсын деген ниет болып табылады. Сондай-ақ, қазақ халқында ала жіптің жолы ауыр деген түсінік қалыптасқан. Ала жіппен белді бума, ала жіпті көлденең жолға тастама деген ырымдарға байлынысты ертеден келе жатқан сенім бойынша бұл жіптің түрін тек екі бағытта ғана қолданған. Оның бірінде баланың тұсауын кессе, ал екіншісінде ерте уақытта, қандайда бір дау туындаған сәтте, билердің тарапынан әділ шешім айтылар кезінде осы ала жіпті керіп ұстап тұратын болған. Нақты бір шешімді жариялаған сәтте ала жіпті кесіп «Дау тиылды, бітістік, ымыраға келдік» деп тоқталған.

Ал көк шөппен кесу – көк шөптей көгеріп өссін, өнсін деген мақсатты ұстанған. Оның үстіне қазақ көкті жұлуға болмайды деп ырымдауына байланысты бұл жоралғы түрімен кесу өте сирек кездескен.

Ақсақалдардың айтуынша, тұсаукесу барысында баланың аяғына тұсалған зат кескен кезде баланың аяғынан өздігінен түсіп қалуы шарт деп есептеген. Егер кескен сәтте байланған қалпы кетсе, онда тұсауы кесілмеді деп есептеген. Тұсауын кесер кезде баланы әкесі ортаға тұрғызып ауыл үлкендері қариялардан бата сұрайды. Бұдан кейін тұсау кесетін адам еңсесі биік, ешкімге кеудесін бастырмайтын, ұлттың қамын ойлайтын, ер жүрек ұрпақ болсын деп ниеттеніп «Биссмилла» деп кесіп, «Қаз-қаз, балам, қаз балам» деп тұсаукесер жырын орындап, шашу шашылады.

Бір қызығы, осы дәстүр орындалғаннан кейін, көп күттірмей тұсауы кесілген бала өздігінен тік тұрып, қадам басып кетеді.

«ЕлАна»

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған