Тұшпара түйіп, табыс табуда
Тұрар Рысқұлов ауданында «Назерке» тұшпараларын білмейтін жан жоқ шығар, сірә. Тіпті, көбі арнайы іздеп жүріп, сатып алады. Басқаларынан дәмі де бөлек әрі таза өнім екеніне де сенім бар. Себебі, бұлар үйде жасалады. Өз үйінің ауласындағы шағын асүйді цехқа айналдырып, түрлі жартылай фабрикаттар мен алуан тәттілерді пісіріп, қолжетімді бағада сатылымға шығаратын Назерке Сабырқұл «Ең бастысы, халықтың алғысы мен сенімі» дейді.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Назерке Ержанқызы Астана қаласында істейтін мемлекеттік қызметкер еді. Өмір – өзен асау ағысымен оның жолын басқа арнаға бұрды. Кездескен қиындықтарды еңбекпен жеңіп, жеңілдікке айналдыра білген ізденімпаз қыз қазір Т.Рысқұлов ауданындағы Құмарық ауылының белді кәсіпкерлерінің бірі.
– Бұрын студент кезімде де, кейін жұмыс істеп жүргенімде де қолым қалт еткенде бірнәрсе пісіруге құмар едім. Демалыс күндері әртүрлі тағамдарды пісіріп, дастарқанды алуан түрлі тағамдармен толтырып қойғанды жақсы көретінмін, тамақ пісіруді хоббиім десем де болады. Студент болғанымда Астанадағы ағамның үйінде жатып оқыдым, сол үйдегі жеңгем беделді бір кісінің жеке аспазшысы болатын. Сол жеңгемнен аспазшылықтың көп құпияларын, қыр- сырын үйрендім. Естіген әдістерімді жасап көру үшін де қолым босаса асүйден шықпайтынмын. Жеңгем бір мейрамхананың аспазшысына көмекші етіп жіберген, сол жерде меркілік аспаз ағадан қамыр илеп, жаюдың тәсілдерін көріп, меңгердім. Кейін мамандық алғаннан соң жұмысқа орналасып, уақыт өте келе тұрмысқа шықтым. Бала күтіміне байланысты декреттік демалысқа шыққанымда жеке жағдайлармен ауылдағы төркініме қайтуыма тура келді. Өмірде түрлі сынақ кездеседі ғой, ондайда сынбай дұрыс жол т ауып, қиындықты сәттілікке айналдырсаңыз, ұтқаныңыз. Менің өмірлік тәжірибем осыны ұғындырды. Жаратқаннан күнде «Ешкімнің қолына қаратпа, бәріне өз еңбегіммен жетуді нәсіп ет!» деп тілейтінмін. Әлі де сол ниеттемін. Кішкентай баламен үйде жұмыссыз үш ай отырдым. Ата-анама салмақ салмай, өз күнімді өзім көргім келеді, бірақ кішкентай бөбегіммен қалай жұмыс істеймін деген ойлар маза бермеді. Ақыры қолымнан не келеді, соны істеп, табыс табуға тырысып көрмек болдым. Үйдегі бары жарты қап ұнмен алғашқы кәсібімді бастадым. Лағман созуды бұрын жасап көрмеппін, You Tube каналдан көріп, үйрендім. Алғаш рет жасасам да әдемі болып шықты. Алдымен, әрине жақын-жуық, көрші- көлемге ұсынасың ғой. Дайындаған лағмандарымды көргендер таласа- тармаса алып кетті, тіпті тағы тапсырыс берді. Осылай күнде лағман созып, тапсырыстарға жұмыс істеп жүрдім. Көп ұзамай, түскен ақшадан шығыннан артылғанына тартылған ет алып, тұшпара түйе бастадым. Бастапқыда байқап көру үшін сатып алғандар дәмін ұнатып әрі қайнатқанда мүлдем езілмей, жарылмай жақсы пісетінін айтып, тапсырыс бере бастады. Енді тапсырыстан бөлек, артығымен дайындайтын болдым. Осылай әзірлеген тұшпараларымды дүкендерге ұсындым. Алғашында бір ғана дүкенмен жұмыс істеп жүрдім, кейін басқаларына да ұсынып, аудандық ауруханаға да өткізетін болдым. Өнімімнің сенімді екеніне көзі жеткен соң әрі тез сатылып кеткенін байқаған басқа да дүкен иелері өздері келіп, тұрақты жұмыс істеуге ұсыныс білдірді. Осылай қазір 8 дүкенмен тұрақты жұмыс істеймін. Лағманмен бастап, тұшпарамен жалғастырған ісіме манты түйіп дайындауды қостым. Табысыма қарай өнімдерімнің қат арына вареникиді қосып, өзімнің «Назерке» деген тауарлық белгіммен арнайы қағазын шығартып, жарты және бір килограмдық салмақта өлшеп, пакетке салып, сатылымға шығаратын болдым, – дейді іскер Назерке. Кәсіпкерлігін жүйелі жолға қойып, дамытқандықтан қазір Назерке өз ауылындағы ет сатумен айналысатын кәсіпкермен келісім жас асып, сүйексіз ет алып, өзі еттурағышта тартады. «Бұл бұрынғыдан да сенімдірек болды», – дейді ол.
Бір алғанда жүз келі ет алып, оны өз қолымен тартқандықтан дәмі де ерекше болады. Май, тұз, бұрышты да белгілі мөлшерімен қосады. Осылай ол тұтынушыларының көңілінен шығып, өз өніміне деген сұранысты арттырып отыр.
– Былтыр кәсіпкерлерге арналған «Бизнес Бастау» бағдарламасы бойынша 1 миллион 225 мың теңге қайтарымсыз грантты ұтып алып, соған үлкен көлемді қамыр илейтін және ет тартатын құрылғыларды, екі мұздатқыш сатып алдым. Қазір тұшпара, мантыларға салатын тартылған етті без, шандырларынан тазартып, әбден жуып, өз қолымызбен тартатындықтан ауылымыздың тұрғындары менің өнімдерімді жақсы көреді. Сонымен қатар, Instagram, WhatsApp желісінде де күнделікті атқарған жұмыстарымызды бейнетаспаға түсіріп, салып отырамын. Бұл да тұтынушыларыма өз ісімнен есеп беруім, сол арқылы халық қандай тағам жеп жүргенін біле алады. Ал, менің ісіме көпшіліктің сенімі нығаяды. Статустарымнан ет тартып, қамырын илеп, манты, тұшпараны түйіп жатқан бейнетүсірілімдерімізді көргендер де тапсырыс беріп жатады. Біз тек сиыр етін ғана пайдаланамыз. Жылқы, қой еттері манты, тұшпараға дәмі үйлеспейді. Жақында голубцы дайындауды да қолға алдық. Көкбұрышты тазалап, ішіне тартылған ет салып, мұздатқышқа қатырып, сатамыз. Бұған қоса, самса, шұжық қосылған бәліштерді де пісіреміз. Кейде ауылдастарым мантыны пісіріп беруді де тапсырады. Дайын болғанда тәрелкесіне сәндеп салып беріп жіберемін. Қонақ күтетіндер де тағамдарын пісіруге тапсырыс беріп жатады. Тапсырыс тек өз ауылымыздан емес, көрші елді мекендердің тұрғындарынан да, тіпті басқа аудандардан да түседі. Алыс аймақтардан тапсырыс бергендерге жеткізу қызметі жоқ екенін ескертемін, сондайда «Өзіміз алып кетеміз, тек сіздің тағамдарыңызды алғымыз келеді» деген жауапты естіп, қуанып қаламын. Көп кісілер «Тағамдарыңның дәмі басқалардікінен ерекше, жасау қосатындарын өз мөлшерімен өлшеп саламын.
Мысалы, тұшпараның қамырына жұмыртқаны көбірек салсам, мантының қамырына біреуін ғана қосамын. Себебі, манты буда піскенше астындағы қайнап тұрған су жұмыртқасы көп қамырды қаязытып жібереді. Себебі, ол буда піседі ғой, судың ішінде қайнамайды. Ал, тұшпара мен вареники судың ішінде қайнайтындықтан езілмеу үшін жұмыртқасының көп болғаны жақсы. Ал, салатын етін ертерек тартып дайындап қоямын.
Мысалы, жұмысшы қыздар азанда сағат 9-да жұмысты бастаса, мен етін түнгі сағат 12-де тартып, тұз, бұрышын араластыра бұқтырып, мұздатқышқа салып қоямын. Тоғыз сағат бойы ет тұзды, бұрыш, пиязды әбден сіңіріп, дәмі кіріп тұрады. Тұтынушыларым менің тұшпара, вареникилерімді пісіргенде сорпасына мүлдем дәмдеуіштер, май қоспаса да өз бойындағы майы, дәмімен дәмді болатынын айтады. Дүкендер 10-15 килограмнан алады, бірақ тез өтіп кетті деп қайта тапсырыс береді. Жұмысшы қыздарға тек тұшпараны ғана жасатамын, мантыны, басқа да пісірмелерді өзім жасаймын. Себебі, көпшіліктің сеніміне ие болу оңай емес, ал ие болғаннан соң сол сенімділікті ұстап тұру одан да жоғары жауапкершілік. Сондықтан, өз қолыммен жасағанды жөн көремін, – деген кәсіпкер келіншек мектепті аяқтағанша мүлдем ұн ұстап, қамыр илеп көрмегенін, бәрін де өмір өзі үйретіп келе жатқанын айтып қалды. Қазір осы ауылдың екі келіні осы шағын цехта тұрақты жұмыс істейді. Күніне 2500 теңге жалақымен қоса таңғы және түскі аспен де қамтылған. Олар негізінен тұшпара түйеді, басқа жұмыстарды Назерке өзі атқарады екен. Ол мемлекеттік қызметте жүргенінде күні бойы компьютердің алдында отырып, жазу-сызумен айналысқанда тез шаршағанын, ал қазір таңғы 7-де тұрып, түн ауғанша еңбектеніп, ұйқыға сағат түнгі 3-те жатса да шаршамайтынын, себебі сүйікті ісі керісінше шабыт сыйлайтынын айтты. Бірінен соң біріне жалғасқан жұмыстарының арасында әр азық- түліктің дәмін, қасиетін үйлестіріп, жаңа бір туынды ойластырып, өзін-өзі дамытып отыруға да уақыт табады. Оған қоса, Түркия елінен сапалы киім-кешектер әкеліп, сатумен де шұғылданады. Ал, жаздың шілдесінде шөл басатын ашымық көже қайнатып, салқындатып сатудың да көзін тапқан.
Қамар ҚАРАСАЕВА.
Т.Рысқұлов ауданы