ТҮСІМДЕ БАЙМЫН, ӨҢІМДЕ ЖАРЫМАЙМЫН…

«Адам нені көп ойласа, түсіне сол кіреді» дейтін бір керауыз досым. Соны әулие ме деп қоямын қазір. Себебі соңғы уақыттары менің түсім «әрленіп» келеді. Кәдімгідей «сәнденіп» келеді. Ғажап! Көретінім: кең сарай, аста – төк дастархан, шікірейген шенеунік. Өзім де осал емеспін. Солардың ішінде шалқып жүремін.
Сіздерге бір қызық айтайын: түс екенін біліп жатсам да көзімді ашқым келмейді – ау, ашқым келмейді. Өйткені жұмсақ кресло мен буда-буда ақша көзімді ашқан мезетте — ақ мені «тастап» кететінін жақсы білемін. Мүмкіндікті пайдаланып қалғым келіп қанша тыраштансам да, жайшылықта, қисая кетсем жұмыла кететін бадырақ көзім, жарық әлемді көргісі келіп «құштарлығы» ояна кетеді. Оған менің жыным қозады. Маған салса мына дүниенің «түрін» көргім келмейді. Өкпелімін.
Сонымен айтқым келгені: соңғы кездегі түстерім үнді мен кәріс сериалдары секілді шұбатылып жатпайды, нақ па нақ, дәл ме дәл! Сенсеңіздер, бұл түстерім маған кәдімгідей үміт сыйлап, жігерімді жанып, мүгедек болып қалған «арманымды» аяғынан тік тұрғыза бастады. Тфә-тфә! Баяғыда кім көрінген, болмашы нәрселер түсіме кіріп мазамды алатын. Олардан қатты шаршайтын едім. Тіпті торуылдап ми қыртысынан шықпағасын, түсті жақсы жориды-ау дегендерден сыр тартсам, бәзбір шенеуніктер тәрізді, бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай: «ойбай, келешегің жарқын, болашағың керемет, сені үлкен қуаныш күтіп тұр, шыда – шыда!» деп ақшамды қақшып алып, арқамнан қағып-қағып шығарып салады. Мен байғұс сол керемет күндерін қаншама күттім?! «Түс түлкінің боғы» деп өзімді — өзім жұбатқан күндерімде есімде. Бірақ жетіспеушілік, кедейшілік қыр соңымнан қалмай қойды. Соңғы кездегі қымбатшылық тіпті есеңгіретіп жіберді…Айлығым шайлығыма сүт қатуға жарамай қалды….
Сөйтіп жүргенде, «Иттің иесі болса, бөрінің тәңірісі бар» деген рас болып шықты. Керемет түстер көре бастадым. Бүгінгі телеарналар секілді бірін-бірі қайталау атымен жоқ… Әнші – биші, жұлдыз — құндыз дегенді мүлде көрмеймін. Бейпілауыз журналист, жалаңаштанған бикештер де менен аулақ. Оны айтасыз, бейкүнә қазақтарды баурап алған шетелдік телесериалдар, менің түсімнің қасында жіп есе алмай қалды. Көретінім: тың, соны түстер… Ең басты кейіпкер өзім…
…Бірде қарным шертиіп, бұғағым бұлтиып, саусақтарым быртиып, семіздіктен тыңқиып ат шаптырым офисте министр болып шіреніп отырамын. Маңайым құрдай жорғалаған нөкерлер. Бәрі аузыма телміріп қарайды. Кедейліктің дәмін бір адамдай татқан жанмын ғой, «халықтың тұрмысы қалай? Қымбатшылық белең алып кеткен жоқ па? Бақылаңдар! Қадағалаңдар!» деп айтқым келеді, бірақ, семіздіктің салдары ма, үнім шықпайды. Өзім тоқ болғасын, маған қоғамда бәрі бай, шат-шадыман тіршілік кешіп жатқандай күйге түсемін. «Қатты айтып біреулерді өкпелетіп аламын ба» деп және қорқамын. Жұмсақ креслоны тағы қимаймын. Осы мен неге жамандық шақырып отырмын деп, өзімді күстәнәлап жатып оянып кетемін. Ояна сала бармағымды тістеп, әлгі жасаған қылығыма өкінемін келіп…
Енді бірде айлығы жоғары депутат болып Мәжілісте жүремін. Әй, ол жерде жүрген кейбір мырзаларға өкпем қара қазандай еді ғой, несін жасырайын. «Шіркін, мен депутат болсам, бүйтер едім, сүйтер едім» деп талай мәрте сынағаным бар. Енді міне, сәті келіп тұрғанда, қоғамдағы жоғарыға беймәлім жайттарды көтеретін сәт туғанын сеземін. Бірақ, беймәлім бір күш, кері тартып, баяғы батырлықтың бірі қалмай тым-тырақай қаша жөнеледі. Ақырында сабырлы, төзімді болуға тырысамын.
Мемлекеттік тілдің жанашыры болып, «қазақ тілі үшін жан құрбан!» деп жүрген басым, кейде депутаттық сауалды өзгелер түсінбей қалмасын деп ресми тілде жолдап жіберемін. Мұнша қорқақ, су жүрек болармын ба? Тіпті көлеңкемнен қорқатын жағдайға жеттім. Әлде депутаттық мандаттың бір бәлесі бар ма?
Заң жобасының кейбір тармақтарын жүрегім қаламай тұрса да, дауысқа салып жібергенде, қарсы тарапты қолдап тұрғанымды көріп, таң – тамаша боламын. Басымды шайқап жатып оянып кетемін. Ояна сала өзімді жерден алып, көрге саламын…
Көрген ғажап түстерімнің бірі облыс әкімі болып жүрген кезім. Пай-пай-пай! Ақ дегенім алғыс, қара дегенім қарғыс! Олардың талай былығы мен шылығын, кемшілігі мен жетістігін білетін қара халықтың өкілі болғандықтан, ондай істерден аулақ болуды көздеп, өзіме — өзім сын көзімен қарап қоямын. Әйтсе де, мемлекеттің қаржысына салынған нысандарды өз айлығыма салдырғандай лентасын кесіп, ел назары түсетін, елбасы қатысатын ірі өндіріс орындарын айтулы мерекелердің тұсында жарнамалағанды жаным қалап тұратынын жасырғым келмейді. Арагідік айтыс ұйымдастырып, мақтау сөз естігім келіп тұратынын қайтерсің! Баяғы бойымдағы өжеттік, халыққа, жұртқа деген аяушылық қайда кеткенін білмей аң – таң болып оянамын…. Оянғасын, жау кеткесін қылышты тезекке шапқанның халіне түсемін…
Күнде көретінім осы тектес түстер. Қаланың бір шетінде алты баламмен үй жалдап жүрген басым, көзім ілініп кетсе көп қабатты котедждің баспалдағынан түсіп келе жатамын кейде. Сондай сәттерде жапырайған там үйлердің сұлбаларын көзім шалып қалатыны бар. «Әй, мынадай, жеркепелерде де көртышқан құсап кей адамдар пәтер жалдап тұрып жатыр ма? Гүлденген заманда бұлары несі?» деп қалың ойға кететінімді қайтерсің. Сосын былай шыға бере: «әлгі көргендерім елес болар, жерінің асты мен үсті байлыққа толы елімізде оған жол жоқ!» деп өзімді – өзім жұбатып жатып оянып кетемін. Ояна сала өзім жалдап тұрып жатқан үйдің сұрқынан шошып көзімді жұма қоямын….

Нағашыбай Қабылбек

Қазақстан Заманы газетінен