Түймебаев мырза! Түймедейді түйедей еттің деп сөкпе! Себебі Елбасымыз «жемқорлықты жоюды мұғалімнен, еден жуушыдан баста!» — деп босқа айтпаған болар
Елбасымыздың жемқорлық, парақорлық жөнінде Түркістан облысына қарата айтылған сөзі басқа облыстарға да келетін сыңайлы. «Оңтүстікте мектептегі еден жуушы жұмысына да парамен орналасады. Соған көңіл аудар!» деген пайым Президентіміздің тура өзіне жетіп отыр ғой. Бұл біздіңше нағыз масқара жағдай. Басқа-басқа айлығы жартымсыз қарапайым жұмысқа орналасудың өзіне пара алу тіпті көкейге қонбайды. Осы қатаң ескерту тура өңір басшысы өзіңізге айтылғанын барша жұрт естіді. Содан бері «Түймебаев мырза қандай әрекет жасап жатыр екен?» деген сауал мені жиі мазалайды. Оңтүстік өңірдегі белгілі-белгілі журналистерге де сұрау салдым. Олар да иықтарын қиқаңдатты. Сонда бұл қалай, осындай маңызды мәселені облыс әкімі ұмытып кетті ме, әлде күнделікті қат-қабат шаруалардан аса алмай жүр ме?
Қадірлі Жансейіт Түймебаев бауырым!
Әлбетте, Нұр-ағамыздың, Елбасымыздың әрбір сөзі, әрбір пікірі босқа айтылмайды. Әдетте Президентіміздің жасаған бастамаларын жерге түсірмей қағып алып, баршаға жария ететін шенеуніктерге бұл жолы не көрінді? Мәселен Түймебаев мырза, сіз өте тәжірибелі, білікті, талай ірі істерде шыныққан, кезінде министр де болған, шетелде елшілік еткен шенеуніктің мықтысысыз. Неге бұл жолы Елбасымыздың сөзіне енжар қарадыңыз? Әлде ел басшысы тарапынан, оның көмекшілерінен «көңіл бөлмей- ақ қой» деген пәрмен түсті ме? Менімше түскен жоқ. Тағы да бір ой-болжам бар. «Тәйірі, еден жуушы деген кім? Көп болса азын-аулақ пара алып, берген шығар. Одан ірілері тұрғанда бұған несіне көңіл аударамыз?» деп ысыра салған шығар. Жо-жоқ, Түркістан облысының тұңғыш әкімі болып тағайындалып, сізге зор сенім артылған сіздің мұндай пендешіліктен ада екендігіңізге күмәнім жоқ. Мен білетін Түймебаев болса құдай қаласа елбасымыздың осы сөзінен, ескертуінен алып бір бастама шығарады-ау деген үмітім, сенімім бар.
Осы мақалам шыққан соң Түймебаев мырза: «Әу, Ереке, түймедейді түйедей етіп, бүкіл елге жария еткенің қалай?» деп ренжуіңіз де әбден мүмкін. Бәлкім Бердібек құрдасым сияқты (Сапарбаев мырзаны айтамын) «ит үреді, керуен көшедінің» керімен үндемей қоюыңыз да ғажап емес. Бірақ сіз министр болған кезіңізде әрбір шыққан сынға көңіл аударып, белсенді түрде жауап қайтаратынсыз. Яғни мен Сізді «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады» деген мақалдың түп төркінін тереңнен түсінген адам деп білемін..
Біз әдетте көзге бадырайып тұрған мәселелерді, нәрселерді көреміз де, олардың ұсақ-түйектеріне аса мән бере бермейміз. Меніңше бұл дұрыс емес. Қандай нәрсе болсын бар пәле ұсақ-түйектен басталады. Елбасымыздың да әңгімені «еден жуушыдан» бастағаны тегін емес. Пара деген көздің құрты ғой. Әсіресе берген адамнан гөрі алған адам мерейленіп қалады. Бұл дегенің айлық, жалақыдан тыс қосымша табыс көзі. Тар төкпейсің, қызметіңді пайдаланып әлгі өз аяғымен келген ақшаны қақшып алып, жымын білдірмесең болды. Алғаш пара алған адам бірден іріден бастамайды. Алдымен қармағын шабақтарға салады. Мәселен шабақтардың қатарына еден жуушыны қосуға болады. Ұртын осылай қорқа-қорқа майлаған парақор келе-келе анау-мынау ақшаны, затты місе тұтпай қармағын, жо-жоқ торын жайындарға сала бастайды. Осылай ол мәселе парақор үшін қалыпты іске айналады.
Қазір Жансейіт інім, өзің білесің шабақтар да, сазандар да, жайындар да қылмыс үстінде ұсталып, сотталып жатыр. Бірақ жемқорлық, парақорлық дерті үдемесе, ушықпаса басылар емес. Тіптен Президентіміз 10 жойқын соққы жасап та көрді. Бірақ ол жойқын соққылардан да қорқып, айылдарын жиған парақорларды көрмедім. Үдеп барады, үдеп! Ел болып қолға алмасақ болатын емес. Менің сізге айтайын деген түйінді ойым, бар шеберлігіңізді, бар күшіңізді осы жемқорлықтың тамырларын шабуға жұмсаңыз. Мәселен бүкіл облыстағы еден жуушыларды жинап алып, оларды ашық әңгімеге шақыру керек шығар. Егер олардың жан дүниесіне енетін болсақ ащы шындық, яғни кімге пара беріп, оны кім алғаны жөнінде ақиқат алдымыздан атойлап шығатыны анық. Бәлкім оларды жинамай-ақ мектептерге тыңшылар қойсақ қалай болады? Әрине, біздікі ұсыныс. Елбасымыздың ескертуін, құнды ұсыныстарын жерге тастамай, ел игілігіне пайдалану. Әйтпесе, біздің ен байлығымызды жегі құрттай жеп, ел экономикасын тұралатып бара жатқан жемқорлық күн өткен сайын үдеп барады. Ең бастысы оған ұсақ-түйек деп қарамай барынша әлеуетті күрес жүргізуіміз керек.
Рухани астана Түркістанға Меккеге барғандай дайындал!
Жақында Түркістан қапасында болдым. Облыс орталығы болғандарына қала тұрғындары қуанып, зор өзгерістердің келетінін, жасалынатынын олар біліп отыр. Алдымен облыс әкімшілігінің үйі жөнделіп жатқан көрінеді. Кіріп құттықтайын деп ойлағанмын, әлі келмепсіз. Себебі әкімшілік үйі әбден жөнделген соң келмек ойыңыз бар екен. Жаңа әуежай салынады екен. Әйтеуір Түркістанда қарбалас тіршілік қызу жүріп жатыр. Мен ойлаймын, осындай апақ-сапақта миллиарттаған ақшаны білдірмей, қанын шығармай талан-таражға салатындар көбейетіні даусыз. Алдымен құрылысшылар, жұмысшылар құрылыс материалдарын үй-үйлеріне тышқан сияқты тасулары мүмкін. Әлгі еден жуушының беретін парасы сияқты бұл да мемлекетімізге зор зиян әкеледі. Сондықтан шырайлы Шымкентте отыра бермей Ленин сияқты бөрене көтермесеңізде Түркістандағы басталып жатқан шаруалардың басы-қасында, өзіңіз жүріп, өзіңіз бас-көз болғаныңыз дұрыс-ау деп ойладым. Солтүстік Қазақстан облысында Қарасай деген ауыл бар. Осы ауылдың тұрғындары осыдан төрт-бес жыл бұрын үндеу қабылдап, бір күнде арақ-шарапты түре қуып шықты. «Удан тазар қазағым!» деп біз оларды қолдадық. Бәлкім Түркістандықтар атынан үндеу қабылдау керек шығар.
«Түркістан қасиетті қала ғой. Парақорлық мұнда бар ма? Арақ-шарап, сыра дегенді ішпейтін боларсыздар?» — деп қала тұрғындарына сұрақ қойдым. Олар күліп, маған «есің дұрыс па өзіңнің?» дегендей көзқараспен қарады да бұлай деп жауап берді: «Неге олай деп ойлайсыз? Біз сонда адам емеспіз бе? Біз де өмірдің бар қызығын көргіміз келеді. Пара аламыз, береміз. Онсыз өмір қызық болмайды, жұмысың алға жүрмейді. Арақ-шарап, сыра ішеміз». Мен таң қалдым. Олардың ойынша пара алмаған, кедей адамдар адам емес сияқты. Қасиетті қаланы олар осы ойларымен былғап жатқандай көрінді.
Жәке! Менің айтайын деген ең маңызды ойым, сіз Түркістан облысына тек тұңғыш әкім болып келген жоқсыз, сіз тарихи адамға айналдыңыз. «Түркістан екі дүние есігі ғой» деп Мағжан бабамыз босқа айтқан жоқ. Сондықтан басқа облыстардың әкімдерінің өзіндік жүктері бар шығар. Ал сіздің көтеретін жүгіңіз өте салмақты да, таудан да ауыр. Түркістан рухани астана емес пе? Елбасы сізді нар жігіт деп, жауапкершілігі мол, Алланың алдында да сынағы ауыр лауазымды қызметке қойды. Қазір елімізде рухани жаңғыру жүріп жатыр. Ал Түркістанда рухани жаңғыру өте пәрменді жүрсе деген халықтың арманы, сәлемі бар. Алдымен меніңше түркістандықтардың ойын, санасын өзгерту керек сияқты. «Сіздер қасиетті де, имани қалада өмір сүріп жатырсыздар. «Түркістандық» деген ат өте қасиетті, ізгі ат. Осы қасиетті атаудың үдесінен шыға білейік. Алдымен арақ-шарап ішу тәрізді имансыздықтан, қасиетсіздіктен арылайық. Қаламызды таза ұстап, өзіміз де іштей рухани жағынан тазарайық!» деген ұрансөзді адамдарға жеткізіп, санасына сіндірмесе бәрі бос сөз. Жаңа атқа ие болған қала да, облыс та қайта құрылса, шіркін! Басқа облыстар Түркістан облысынан, қаласынан, қай жағынан да болсын үлгі алуы тиіс. Түркістанға сапарлап келгендер Меккеге барғандай дайындалып, тазарып кіргені абзал. Сөйтіп Елбасымыздың «рухани жаңғырайық!» деген сөзін іске асырсақ нұр үстіне нұр.
Иә, Жансейіт інім, бәрі де «еден жуушыдан» басталды. Еден жуушы да әдемі мамандық. Бүкіл мектепті немесе бір ұйым-мекемені тазартатын ол құлағы түрік жақсы адам. Біз сол еден жуушының еңбегін қадірлей отырып, оның бар кір-тозаңды тазару жұмысынан үлгі алсақ, қанеки. Мәселен осы Түркістанға барғанда байқағаным ол қала өте кір, қоқыс басқан қала екен. Біз өзімізді кірден тазартпай қаламыз, даламыз тазармайды. Сондықтан Жансейіт бауырым, жаңа облыста істерің сәтті, жаңашылдығыңыз мол болғай!